Қазақстанда репродуктивті денсаулық сабақтары мектеп бағдарламасының міндетті элементіне айналуы керек пе деген өткір пікірталас қайта қыза түсті. Бірқатар қайғылы оқиғалардан кейін қоғам жасөспірімдер өз денсаулығы мен қауіпсіздігі туралы сенімді ақпарат алуы керек деп талап етуде. Біреулер жыныстық тәрбиемен тек білікті мамандар айналысуы керек десе, енді біреулер жеке пән енгізу керек деп санайды. Сарапшылар қандай дәлелдер келтіреді және бұл мәселе неге сонша дау тудырып отыр?
Мектептерде жыныстық сауаттылық туралы білім беру қажет пе деген сауал тағы да қоғам назарында. Репродуктивті денсаулық туралы білімнің жетіспеуі жасөспірімдерді осал етіп, өздерін қорғау және дер кезінде көмекке жүгіну мүмкіндігінен айырып отыр. Көптеген сарапшылар сапалы білім бұл мәселені шеше алады деп санайды. Дегенмен бұл тақырыпқа қатысты пікірлер екіге бөлінді: бір тарап бұл сабақтарды тек білікті мамандар жүргізуі керек десе, екіншілері мектептер мен колледждерде жеке пән ретінде енгізуді ұсынады.
Айнұр Арғынбекова, сенатор: «Біздің білім беру бағдарламамызда мұндай пәндер жоқ. Бұрын валеология курсы болған, бірақ ол факультатив еді — оқушы оны таңдайтын немесе мүлде оқымайтын. Мұғалімдер көбінесе қандай тақырыптарды қозғау керектігін түсінбеді. Біз балаларға қандай ақпарат жеткізу керектігін және оны жас ерекшеліктері мен психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып қалай дұрыс ұсыну керектігін нақты анықтауымыз қажет. Репродуктивті денсаулық – барлығына ортақ мәселе, оны оқыту қазіргі заман талаптарына сай болуы керек»
Қалай болғанда да, бұл мәселеге қатысты келісетін ортақ пікір бар. Ол, ақпарат сауатты беріліп, балалардың жас ерекшеліктеріне сай берілуі тиіс. Бұл пікірді психологтар да қолдайды.
Гүлнәр Айтжанова, психолог: «Барлығы жасқа байланысты. Жасөспірімдер мен жастар бұл тақырыптың қыр-сырын білуі керек, соның ішінде қарапайым сұрақтарды – мысалы, дұрыс қорғану жолдарын. Егер олар қажетті білімді ата-анасынан ала алмаса, бұл рөлді мектеп немесе колледж атқаруы тиіс. Мамандар барлық ақпаратты сауатты әрі түсінікті түрде жеткізе алады»
Қоғамдағы пікір қайшылығына қарамастан, жасөспірімдерді репродуктивті денсаулық мәселелері бойынша ақпараттандыру қажеттігі барған сайын айқындала түсуде. Жастар сенімді ақпаратты неғұрлым ерте алса, болашақта саналы шешім қабылдау мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.