Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, қаладағы адамдардың улану фактісі бойынша сараптама тағайындалған. Полиция ҚР ҚК-нің 304-бабы «Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша тергеу жүргізуде.
Ал, Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өңірде нақтыланбаған диагнозбен 57 науқас тіркелгендігін мәлімдеді. Олардың ішінде Түркістан қаласынан — 49, Сауран ауданынан — 6, Түлкібас ауданынан 2 адам бар.
Еске сала кетсек, күні кеше Түркістан қаласында 22 адам сушиден уланып қалғаны жөнінде хабарлаған едік. Аталған асқа деген құмарлардың қазір жағдайлары жақсы. Ешқандай шағымдары жоқ.
Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша: «Түркістан қалалық орталық ауруханасына 22 науқас жатқызылды. Оларға «Тағамдық токсикоинфекция, болжамды жағдай» диагнозы қойылған. Ем қабылдап жатқан науқастардың жағдайлары қалыпты. Барлығы жұқпалы аурулар бөлімшесінің оқшауланған палаталарға жатқызылып, ем тағайындалған, дәрі-дәрмек жеткілікті».