Күндізгі уақытта облыс орталығындағы Тәуке хан көшесінде көліктердің бірінен өрт шықты. Бұл оқиға бойынша әлеуметтік желілерде түрлі бейнежазбалар таралып, сол сәтте өртті сөндіруге ықпал еткен полицейлердің әрекеті елді сүйсінтті. Нақтырақ айтсақ, бағдаршамға тоқтап тұрған Nexia автокөлігінің қозғалтқыш жүйесінен бірден өрт шыға бастады. Бір сәтте шарпып кетуі мүмкін тілсіз жауды полицейлер дер кезінде ауыздықтауға көмектесті.
Патрульдік полиция инспекторлары Жандос Сапарбеков пен Сауат Икрамхан өздерінің қызметтік көліктеріндегі өрт сөндіру құралын алып, бірден шашып, жалынды тоқтатты. Жедел әрекет еткен полицейлердің іс-әрекетінің нәтижесінде көлік жүргізушісінің өміріне, басқа да жанындағы көліктерге қауіп төнбеді.
Тәртіп сақшылары көліктерде өрттің туындауының алдын алу, олардың себептерін болдырмауға бағытталған түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Автокөлік иелеріне өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауды және жарамды өрт сөндіргіш құралы үнемі жанында болуына кеңес береді.