Úı ANONS 5 млн. теңге алимент төлемеген

5 млн. теңге алимент төлемеген

Шымкентте сот алимент төлемі 5 миллион теңгеден асып кеткен адамды соттады. Ресми мәліметке қарағанда, соңғы уақытта алимент өндіріп беруді сұрап арызданатындар көбейген.

Шымкентте екі баласына алимент төлеуден жалтарған 50 жастағы ер адамның бас бостандығы 1 жылға шектелді. Ол Қылмыстық кодекстің «Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару» бабымен айыпталған. Сотталушының балаларының алдындағы берешегі 5 миллион теңгеден асқан. Оған 10 жыл бұрын балаларына алимент ретінде табысының үштен бірін беру міндеттелген.

Нұрғали Қаламқадырұлы, судья:  «Сотта Синицинге қатысты қылмыстық іс қаралды. Оған тағылған айып бойынша ол алииментті 3 айдан артық уақытта төлемегені. Өзінің екі баласына алимент төлемеу бойынша айып тағылған. Сол бойынша іс қаралып, 1 жылға бас бостандығынан шектеу түріндегі жаза тағайындалды».

Сотта соталушы кінәсін мойындап, өкініш білдірген. Ол дәл осы айыппен бұған дейін бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған. Ерлі-зайыптылар ажырасқан. Сотпен татуласуға ұсыныс жасалғанымен, тараптар бітімге келмеген. Айта кететін жайт, сотта соңғы кезде алимент өндіруге шағым көбейген. Борышкерлер алиментті төлемеу себебін жұмыстың жоқтығы және табыстың болмауынан деп түсіндіреді.

Нұрғали Қаламқадырұлы, судья: «Адам баланы дүниеге әкелген соң оны асырауға міндетті. Қазір осындай қылмыстық істер саны көбейген. Едәуір.  Түрлі жағдайлар ғой. Денсаулығына байланысты. Әртүрлі, денсаулығына байланысты. Жиі кездесетіні қаражат жеткіліксіздігі. Ол адамдар қаражат таппай жатқан жоқ қой. Қаражат таппаса қалай өмір сүреді?».

Қалалық прокуратураның мәліметінше, мегаполисте 14 мыңға жуық адам алимент төлеуден жалтарып жүр. Олар заңға сай бала алдындағы міндетін орындамаған.

«Ағымдағы жылы алимент төлеу туралы сот шешімін орындамағаны үшін 291 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Оның ішінде 195 борышкерге 5 күнге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды. Қалғандары айыппұл төледі. Әкімшілік жауапқа тартылғаннан кейін де әлимент төлемеуді жалғастырып жүрген борышкерлер қылмыстық жауапқа тартылады. Жыл басынан 81 қылмыстық іс тіркеліп, оның ішінде 72 қылмыстық іс сотқа жолданды. 33 борышкердің бас бостандығы шектелді, 1 борышкер 6 айға бас бостандығынан айырылды»

Шымкент қалалық прокуратурасы

Ресми мәліметке қарағанда, Шымкентте 22 мыңнан аса балаға алимент өндіріледі. Бүгінде борышкерлердің берешегі 4 миллиард 640 миллион теңгеге жеткен.

Дилара Иса