Шымкентте еттің бағасы шарықтап тұр. Тұрғындар қымбатшылықтың күнделікті тұрмысқа ауырлық туғызып жатқанын айтып отыр. Жауапты органдар да бағаның қымбаттағанын растады. Десе де олар қай жерден қолжетімді бағада ет алуға болатын айтып берді. Осы ретте арна тілшілері базарға барып, өнімнің нақты құнын көріп қайтты.
Шымкентте еттің құны күннен-күнге шарықтап барады. Қазір қаладағы базарларда жылқы етінің бағасы 3500 теңгеден басталып, 4500 дейін барады. Тіпті, сиыр етіне қойылған баға да осы шамалас. Шаһар халқы «мұндай қымбатшылық қалтаға қатты батып тұр» деп ашынып отыр.
Бауыржан Пернебаев, тұрғын: «4 кг ет алдық. Жылқының етінен. 4500 болып тұр бағасы. 2 ай бұрын 4300-4200 болатын бағасы. Жылдан жылға барлық заттар қымбаттап жатыр. Сол сияқты бұл да көтеріліп жатыр енді»
Эльмира Бакибаева, тұрғын: «Енді қымбатына қымбат қой. Бәрі бір. Ауырлық етеді ғой. Үнемі жегеніміз ет болғаннан кейін ауырлығы бар. Сол үшін сәл арзандатса болады».
Ет бағасының көтерілуі сатушыларға да әсер еткен. Саудагерлер қымбатшылықтың кесірінен базарға келушілердің азайып кеткенін атап өтті. Олар бағаның өсуін мал азығының қымбаттауымен байланыстырып отыр. Қазір жем-шөп құны тым жоғары болғандықтан мал өсірушілер етті қымбат бағамен жеткізіп жатқан көрінеді.
Ақтоты Төленова, сатушы: «Шөп жоқ. Жем дегенің аспанға ұшып тұр, шөп прес қазір 2200-ге барды. Жоңышқаның пресі. Жазда алғаны алып қалды. Алмағаны қалды. 6-7 ай болды жаңбыр да жауған жоқ. Бала-шағаның тамағынан қымбат десем болады»
Ал жауапты басқарма мамандары ет бағасының өсуіне экспорттың да ықпал еткенін хабарлады. Айтуларынша, көрші мемлекеттерден сұраныс біршама көбейген. Дегенмен, қалада ішкі нарыққа жеткілікті ет көлемі бар екен. Сонымен қатар әкімдік халықты қолжетімді бағадағы өнімдермен қамту мақсатында апта сайын жәрмеңкелер өткізіп отырады.
Асан Мақсұт, Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бас маман: «Қаламызда жалпы азық-түлік жәрмеңкелерін ұйымдастырамыз. Әкімдік тарапынан, басқарма тарапынан. Ол жерде Түркістан облысының және көршілес облыстардан ет өндіруші шаруа қожалықтары мен арнайы орындар ашылып, бүгінгі таңда еттің баға деңгейі нарықтан 10-15 пайыз төмен жалпы 3400-3300 тг сатылуда. Біз енді өздеріңіз білесіздер, мемлекеттік бақылауға сиыр етінің жауырын, төс бөлігі енгізілген. Ол қаламызда әлеуметтік сауда орындарында әлеуметтік бағада сатылуда»
Бұл жәрмеңкелер қаладағы алты орында әр апта сайын тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бұған қоса, бағаны тұрақтандыру үшін Шымкенттегі ірі сауда желілері және ет өндіретін шаруа қожалықтарымен арнайы келісімшарттар жасалған.
Лаура Бабас






