Жасы отызды орталап қалған танысыма «Неге тұрмысқа шықпайсың?», десем, жауап дайын. «Өте толықпын. Жүрегім алтын, жүйкем темір, мінезім құрыштай. Сондықтан да салмағым ауыр. Ал салмақты қызды кім алады?», деп әзілдейді. Көңіл қалауы кезікпеген соң айтқан ащы әзілі ғой.
Қырыққа таяп талған көршіме тағы да осы сұрақты қоямын. Оның да жауабы дайын. «Жақсы әйел жаман еркекті зор етеді, жаман әйел жақсы еркекті қор етеді» дейді. Тәрбиесі санасына сіңіп кеткен біреудің баласын қайта тәрбиелеу үшін мұғалім, психолог, адвокат болуым қалып еді енді. Біреудің басын төрге де, көрге де сүйрейтін шамам жоқ. Өз басымды әзер алып жүрмін», — дейді.
Ал жасы 25-ке жетпеген әріптесім: «Жөні түзу жігіт болса, қанекей. Біреуі ішеді, біреуі шегеді, біреуі ставка тігеді. Достарым «Ішсе өзің емдетіп аласың ғой, шексе қойдырып алу қиын емес» дейді. Сонда мен емдеу-сауықтыру орталығымын ба?», -дейді. Әзіл де болса шындық осы.
Ал елуге келген құрбым: «Бұрынғы күйеуім маған ылғи да «Мен сені жалғыздықтан, түрмеден, психиатриялық ауруханадан және ең бастысы барлық қиындықтардан құтқарып қалдым. Сондықтан да сен мені төбеңе көтеріп, бағалауың керек» деп күн сайын құлақ түбімнен ызыңдай беретін. Ал мен тыныштықты, ең бастысы құлағымның тыныштығын, жүрегімнің тыныштығын таңдадым. Әрі осы шешімімді дұрыс деп бағалаймын. Қазір қай кезде жатып, қай кезде тұруым қажеттігін ешкім де бақыламайды. Қайда баруым керектігін өзім білемін. Шаш бояту үшін 5 сағат отырсам да өз еркім. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырды біреудің указымен сүру де дұрыс емес шығар. Үйлесімділік, жүрек үндестігі жоқ жерде бәрі де бекер. Көзді ашып жұмғандай қас-қағым өмірімді біреу үшін қор қылғым келген жоқ», — деді.
Ал 60-қа таянған апамнан сұраймын ғой «Отбасы бақытының кілті неде?» деп. Апамның жауабы бәріне үлгі боларлықтай. «Жас кезде асау болдық, тарпаң болдық. Көкірек деген көкте. Тек өзіңдікі жөн. Өзгенікі бұрыс. Ешкімнің ақылы керек емес. Даналық деген уақыт өте келе даритын дүние-ау. Самайға ақ түскен соң, жүрекке әжім түскен соң бәрін де ақыл таразысына сала бастайсың. Баяғы асау тарпаңдық жоқ. Бұрын бір әріптесім «Күйеуі бар әйелдерді аяп кетемін» дегенінде таң қалғанмын. Ал кешке үйге келгенде екінші жартың отырысқа жібермей қойғанда, құлақ түбінен ызыңдап миыңды жегенде «е, е күйеуі барларды аяймын деп бекер айтпапты-ау» дегенмін. Дегенмен де бәрібір кезінде ұрсысқан, түсініспеген күйеуің уақыт өте келе оның да бас асаулығы басыла бастайды. Күйеуің сүйеуің болып, әдемі бір үйлесімділік орнайды. Ауырып қалсаң дәріңді әкеліп беріп, «бірге шәй ішейікші» деп қиылып, таңертеңгісін көрпеңді қымтап кетсе жүрегің жылып қалады. Тіпті сенсіз ауа жұта алмайтындай әдемі бір кезең басталады. Әсіресе немерелерің дүниеге келгенде екінші бір тынысың ашылғандай болады. Сол шақта өмірдің екінші бір тәтті кезеңдері басталады. Сол кезде күйеуің-сүйеуің болғаны қандай жақсы деген ойға табан тірейсің».
Алып қосарым жоқ.
Г.Жұмаш







