Соңғы бір ай ішінде Қазақстанда картоп бағасы орташа есеппен 4,5%-ға қымбаттады. Шымкентте де баға өсімі байқалып, өнімнің бір килограмы 300 теңгеден саудаланып жатыр. Сатушылар мұны маусымдық факторлармен байланыстырып отыр. Биыл картоп бағасы айтарлықтай көтеріле ме – бұл туралы алдағы сюжетте айтамыз.
Қазір базарда картоптың бір келісі 300 теңгеден саудаланып жатыр. Сатушылардың айтуынша, жазда баға 250 теңгеден жоғары көтерілмеген. Алайда күзде өнім құнының қымбаттауы үйреншікті жағдай дейді олар. Себебі картоптың көп бөлігі қоймаларға сақтауға жөнелтілген, сол қоймадан шыққан өнім әрқашан сәл қымбатқа түсетінін көрінеді.
Сабыржан Бектаев, сатушы: «Қазір жины терім болып жатыр ғой ол жақта. Қазір қоймаға жинап алғаннан кейін, қоймаға салғаннан кейін қымбат сатады олар. Қоймаға салғанша арзан болады. Шығын болады, төлейді сондай сондай»
Ал сатып алушылардың пікірі сан қилы. Бірі бұл бағаны тым қымбат десе, енді бірі қалыпты жағдай дейді.
Өткен айда картоп бағасы шамамен 4,5%-ға қымбаттады. Үкімет бағаның өсуін экспорт көлемінің артуымен байланыстырып отыр. Биыл 3 млн тоннаға жуық картоп алынған. Оның 2 млн тоннасы ішкі нарыққа, ал қалғаны экспортқа жөнелтіледі екен.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ: «Ішкі нарықты қамтамасыз ету керек болса, біз экспортты шектейміз немесе квота қоямыз. Қазір сол уақыт келді, мен комиссияға тиісті шаралар қолдануды тапсырдым».
Ескеретін жайт, шетелге шығатын өнім 500 мың тоннаны асқанда ғана шектеледі. Сондай ақ, Үкімет бағалардың биыл кенеттен көтерілмейтініне сендіріп отыр.







