Úı ANONS Жаңа жыл қарсаңында ет қымбаттамай ма?

Жаңа жыл қарсаңында ет қымбаттамай ма?

Жаңа жыл қарсаңында ет пен азық-түлік бағасы қымбаттап кетпей ме? Әлеуметтік желілерде ел тұрғындары осыған алаңдап, мәселені қызу талқылай бастаған. Үкіметте өткен брифингте ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров осы мәселеге қатысты түсініктеме берді.

Министрдің айтуынша, соңғы уақытта сыртқы нарықта етке деген сұраныс артқан. Соның салдарынан баға көтерілген. Дегенмен, қазір тұрақтанып келеді. Ресми статистика бойынша, елімізде еттің орташа бағасы – 3 249 теңге. Ал базар мен дүкендерде бұл көрсеткіш 3 500 – 3 600 теңге аралығында. Премиум санаттағы өнімдер 5 мың теңгеге дейін жетеді.

Айдарбек Сапаров, Ауыл шаруашылығы министрі: «Бірақ алдын ала болжам жасамаймыз. Менің ойымша, бағаны осы деңгейде ұстап тұруға тырысамыз. Неліктен? Себебі біз қазір тірі малды сыртқа шығармаймыз, ал ет экспортына квота енгіздік. Сондықтан ешқандай мәселе туындамауы керек».

Сондай-ақ, министр картоп бағасына да қатысты да ойын айтты. Былтыр бұл өнімнің құны сұраныстың артуынан едәуір көтерілген еді. Сапаровтың айтуынша, биыл мұндай жағдай қайталанбайды. Картоптың егіс алқаптары кеңейіп, қосымша 2,9 миллион тонна өнім алынған. Қазір фермерлер келісін 110-120 теңге шамасында сатып жатыр. Дүкендерде орташа баға 180 теңгеден аспайды. Ендігі қалғаны, жергілікті әкімдіктер тұрақтандыру қорларын уақытылы толтырып алу керек.

Ербол Тұрымбет