Úı ANONS 15 тұрғын үй кешені айыппұлға ілінді

15 тұрғын үй кешені айыппұлға ілінді

Шымкентте заң талабын бұзған 15 тұрғын үй кешенін салып жатқан компаниялар айыппұлға ілінді. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының дерегінше, айыппұл көлемі 9 миллион теңгеге жуықтаған. Бұл компаниялар қай заң талабын бұзды? Оларға неге айыппұл салынды?

Шымкентте үлестік қатысу туралы заңнама талаптарын бұзғандарға айыппұл салынды. Бұл туралы бүгін қалалық өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Алдияр Мұсабаев мәлім етті. Оның сөзінше, осыған байланысты 15 тұрғын үйге әкімшілік айыппұл салынған.

Салынған айыппұлдың 7 миллион теңгеден астамы өндірілген. Айыппұлға 15 жауапкершілігі шектеулі серіктестік ілінген. «Kerege Busines», «Алпамыс», «Гранд Алатау», «Qaratau» сияқты тұрғын үй кешендері бар. Басқарма сонымен бірге қала аумағындағы құрылыс-монтаждау жұмыстарына мониторинг жүргізеді. Мамандар мониторинг кезінде де кейбір кемшіліктерді анықтаған.

Биыл басқарма 25 құрылыс нысаны бойынша сотқа талап арыз түсірген. Оның 11-і қанағаттандырылған, 2 талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған. Ал 12 арыз қаралып жатыр.

Дилара Иса