Ипотека қымбаттап, баспана бағасы шарықтап тұр. Мәселен, Алматыда екінші қолданыстағы пәтерлердің шаршы метрі 800 мың теңгеге жақындады. Мамандардың айтуынша, бұған бірден бірнеше себеп әсер еткен. Соның ішінде үлестік құрылыс туралы заңдағы өзгерістер де бар. Бұл жағдай бұқараны «қазір үй алған дұрыс па, әлде келесі жылды күту керек пе?» деген ойға қалдырды. Мәселенің мән-жайын алдағы сюжетте айтамыз.
Елде баспана бағасы қымбаттап барады. Биыл тұрғын үйдің құны орташа есеппен 12 пайызға жоғарылаған. Сарапшылар бұған екі себеп бар деп отыр. Біріншісі — үлестік құрылысқа қатысты жаңа заң салдарынан көптеген құрылысшы пәтерін сата алмай, нарықта үй азайған. Ал, екінші себеп — ҚҚС-ның өсуі. Бұл құрылыс материалдары мен қызметтердің қымбаттауына әкеп соққан көрінеді.
АЛЕКСАНДР ПАК, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК САРАПШЫСЫ: «Көптеген үй иелері қазір не істерлерін білмей отыр. Өйткені 1 қаңтардан бастап не болары түсініксіз. Көп адам баспана бағасы бірден 16–20 пайызға өседі деп ойлайды. Бірақ ондай өсім болса да, ол ұзаққа бармайды. Себебі ол бағамен ешкім үй сатып алмайды, сондықтан сатушылар өздері-ақ бағаны түсіреді»
Алдағы уақытта не болары белгісіз. Сондықтан қазір қолайлы бағадағы үйді тапсаңыз және несиені төлей аламын десеңіз, онда келер жылды күтудің қажеті жоқ дейді сарапшылар.
ЛЕВ ТЕТИН, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК САРАПШЫСЫ: «Ең бастысы — қаржыны дұрыс жоспарлау керек. Әсіресе үй алғанда. Егер бәріне дайынмын, шамам жетеді деп ойласаңыз, қорықпай барып, қалаған пәтеріңізді алыңыз. Нарық өсіп жатыр ма, төмендеп жатыр ма — ол соншалықты маңызды емес»
Ал құрылыс компаниялары инфляция мен құрылыс материалдарының қымбаттауын есептемесек те, тұрғын үй бағасының өсетінін айтып отыр.
ВЯЧЕСЛАВ ЛАЗАРЕВ, АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ «ҚАЗАҚСТАН ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ОДАҒЫ» ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Қосымша Құн Салығының мөлшері 16 пайыз, оның кем дегенде 8–10 пайызы бағаға қосылады. Ал жеке кәсіпкерліктің әсері шамамен 1–2 пайыз. КЖК кепілдігі тағы 1 пайыз, техникалық қадағалау мен қосымша әкімшілік шығындар 3 пайызға жуық. Яғни, жалпы алғанда, қазіргі жағдайда бағаға кем дегенде 15 пайыз қосымша шығын түседі»
Сонда да қазіргі уақытта нарықтағы белсенділік жоғары. Биылғы жылдың алғашқы он айында 355 мың сатып алу-сату мәмілесі жасалған.
Лаура Бабас






