Úı ANONS Shymkent Voice: Қаланың жас таланттарын ашқан байқау

Shymkent Voice: Қаланың жас таланттарын ашқан байқау

Shymkent Voice — қаладағы ең әсерлі музыкалық жобалардың бірі. Бұл байқау жас орындаушыларға өз дауысының мүмкіндігін, сахнадағы еркіндігін көрсетуге және болашақта үлкен шоу-бизнеске қадам жасауға зор мүмкіндік береді. Көптеген қазақстандық әртістердің шығармашылық жолы дәл осындай жобалардан бастау алғаны белгілі. Ал ең үздік деп танылған қатысушылар көрерменнің қошеметінен бөлек, қомақты ақшалай сыйлыққа ие болмақ.

Кез-келген жас орындаушы сияқты Камила Ырыбаева да үлкен сахнаны бағындыруды қалайды. Ал Shymkent Voice ол үшін шығармашылық мүмкіндігін сынап көруге таптырмас алаң. Әрине, сахнаға шығар алдында қатты толқыныс болады, бірақ одан кейін сезінген эмоциялары шын мәнінде ерекше.

Камила Ырыбаева, сайыс қатысушысы: «Мен осы Шымкент қаласының тұрғынымын. Менің үйім осында. Сондықтан мен байқауға өз туған қаламның атмосферасын сезінуге келдім. Мұнда келгеніме өте қуаныштымын, өйткені қатысушылар шынымен өте мықты, және мен осында болып, мені тыңдалғандарына  шексіз бақыттымын. Әрине, мен ең жоғары жүлдені алуға тырысамын, бірақ қазірдің өзінде керемет эмоциялар алдым. Меніңше, мен қалағанымды алдым. Бұл тәжірибе».

Байқау ұйымдастырушыларының алдына бірнеше мақсат қойылған. Солардың ең бастысы — жас таланттарды тауып, олардың шығармашылық жолын дамытуға қолдау көрсету. Маңыздысы, байқауға қатысушылардың барлығы Шымкент қаласының тұрғындары болуы. Қатысушылардың жасы 18 бен 45 жас аралығында. Ал жүлде қоры да қомақты.

Астана Қарғабай, сайыс ұйымдастырушылары: «Байқауға шамамен 60-қа жуық қыз, жігіттер қатысты. Басты талап — қатысушының Шымкент қаласының тұрғыны болуы, яғни Шымкенттің дауысы дәл біздің қаламыздан шығуы тиіс. Мен қазылар алқасын кәсіби мамандардан жинадым. Бұл жеке ұйымдастырылған конкурс, жүлде қоры 2 миллион теңге, оның 1 миллионы — бас жүлде, ол тек бір қатысушыға беріледі. Жобаның демеушілері — «Отырар» телеарнасы, «Atlas» және басқа да серіктестер».

Қазір байқаудың іріктеу турлары өтті. Екінші кезең 4 желтоқсанда, ал көптен күткен финал 12 желтоқсанда өтеді. Финалда қазылар алқасында Қазақстанға кеңінен танымал орындаушы — Қайрат Түнтеков та болады. Біз сіздерге Шымкент дауысы музыкалық байқауының алдағы қызықты сәттерін әрі қарай да ұсынатын боламыз.

Ботакөз Әнуар