Úı ANONS Түркістанда «Қамқорлық» орталығы ашылды

Түркістанда «Қамқорлық» орталығы ашылды

Түркістан облысында мүгедектігі бар бала саны 15 мыңнан асады. Олардың 4 мыңға жуығына аутизм диагнозы қойылған. Бүгін облыс орталығы Түркістан қаласында осындай балаларға жан-жақты көмектесетін орталық ашылды.

Түркістан қаласында ерекше балаларды қолдау мақсатында «Қамқорлық» арнаулы қызметтер көрсету орталығының тұсауы кесілді. Оны ашуға облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Орталық балалардың қосымша білім алуына және психологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Онда аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар балалардың мінез-құлқын түзетуге, олардың қоғамға бейімделуіне және толыққанды әлеуметтенуіне көмек беріледі.

Орталық Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қарамағында. Жартылай стационарлық үлгіде жұмыс істейді. Бір мезетте 3 жастан 18 жасқа дейінгі 125 баланы қабылдай алады. Мұнда тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, психологиялық, педагогикалық, мәдени, құқықтық және экономикалық қызмет көрсетіледі.

Заманауи талапқа сай орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтуға «Қамқорлық» корпоративтік қоры мен «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры 350 млн. теңге, ал қызметкерлерді оқытуға 40 млн. теңге бөлді.

Айта кетейік, Түркістан облысында мүгедектігі бар адамдардың жалпы саны 102 мың. Оның ішінде 15 мыңнан астамы – балалар. Облыста аутистік спектрінің бұзылуы диагнозы қойылған бала саны 4 жүзге жуықтаған.

Дилара Иса