Úı ANONS Жаңа жылды тойлауға 99 млн. теңге бөлінеді

Жаңа жылды тойлауға 99 млн. теңге бөлінеді

Шымкенттің бас шыршасының шамы 21 желтоқсан күні  Астана алаңында жағылады. Бұл туралы қала әкімнің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді. Оның айтуынша биыл қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін 99 млн. теңге қаржы қаралған. Бұл қаржыға қандай мерекелік іс-шаралар өткізілмек?

Шымкент қаласы жаңа жылды тойлауға сақадай сай. Биыл қала қазынасынан 99 млн. теңге бөлініп, түрлі мерекелік іс-шаралар өткізіледі. Сонымен қатар, әр аудан аумағында шыршалар орнатылып, қала көшелері  жарық диодты шамдармен  безендіріледі. Бұдан бөлек,  орталық көшелер бойындағы мемлекеттік мекемелер, ірі коммерциялық ұйымдар өз есептерінен ғимаратын жаңа жылдық безендіру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, қаланың бас шыршасының шамы 21 желтоқсан күні, Астана алаңында жағылады.

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Осы бас шыршаны жағу салтанатына 9 млн. 189 мың 618 теңге жұмсалады. Мұның ішінде қосымша құн салығы бірге екенін айтқым келеді. 31 желтоқсан күні Шымкент халқы ерекше қарсы алу үшін, Астана алаңында өткен жаңа жылға арналған отшашуды тамашалайды. Эстрада жұлдыздары қатысады. Жалпы 31 желтоқсан күні Президетіміз тікелей эфирде құттықтауын жолдайды. Сол жерде тікелей эфирде тамашалайтын боламыз».

Сонымен қатар, Шымкент қаласында балаларға арналған «Ғажайыпқа толы жаңа жыл!» атты өңірлік мерекелік шара 25 желтоқсан күні өтеді. Іс-шараның басты мақсаты, балалар арасында бірлік пен достық құндылықтарын нығайту, қоғамдағы келісім мен татулықты насихаттау, сондай-ақ жасөспірімдерге мерекелік көңіл күй сыйлау дейді ресми өкіл. Оның айтуынша, жаңа жылдық шыршаға аз қамтылған отбасылардың балаларынан бөлек, үлгілі оқушыларда қатыстырылмақ.

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «25 желтоқсан күні ҚР Президент атынан  шырша ұйымдастырылады. Ол шыршаға 300 бала іріктеліп алынды.  11:00-де «Көрме орталығы» ғимаратында өтеді. Шыршаға 9–13 жас аралығындағы оқу үлгерімі жоғары оқушылар, республикалық, қалалық және халықаралық деңгейдегі зияткерлік, ғылыми, шығармашылық және спорттық жарыстар мен байқаулардың жеңімпаздары, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатысады».

Айта кетейік, іс-шара аясында жергілікті бюджет қаражаты есебінен әрбір қатысушы балаға құны 120 мың теңгеден кем емес жаңа жылдық сыйлық табысталады. Ал, Астана қаласында өтетін республикалық шыршаға Шымкент қаласындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығынан 5 оқушы қатысады.

Нұргүл Жолымбетова