Жыл соңына дейін қаладағы жекеменшік мектептердің барлығы Шымкент әкімдігінің бақылауына өтті. Ендігі жерде бұл мектептердің барлығы жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Жаңа пилоттық жобаның ерекшелігі неде? Жекеменшік мектептерге қойылатын талап өзгере ме?
Шымкентте жекеменшік мектептерге төленуі тиіс қаржы кідіргенімен, толық өтелді. Дәл қазір мәселе шешіліп, жаңа пилоттық жоба күшіне енді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлім етті. Оның сөзінше, бұрын ақшаны Оқу-ағарту министрлігіне қарасты қаржы орталығы аударып келген. Сәйкесінше, жекеменшік мектептер жергілікті әкімдіктерге бағынбаған. Енді жағдай өзгерді. Бұл мектептер де мемлекетік мектептер сияқты қала әкімдігімен бақыланады. Олардың ақысын да әкімдік төлейді.
Жекеменшік мектептердің қызметін тексеру кезінде кемшіліктер анықталған. Мысалы, монша, тойхана сияқты ғимараттардың нысаналы мақсатын өзгертпей мектепке айналдырған. 280 балаға шақталған орынға 500-ге дейін баланы қабылдаған мектептер анықталған. Тіпті лицензияға сай келмейтін бағытта жұмыс істегендері де бар. Мұның бәрі заңбұзушылық дейді ресми өкіл.
Ресми өкіл қалада тек білім инновация лицейіне ғана рұқсат берілгенін айтады. Қалған жекеменшік мектептер арнайы рұқсат алмай заңсыз интернат ашқан. Жалпы қалада 164 мемлекеттік мектеп бар. Сол мектептердің екінші ауысымда оқитындарға 78 мың орын бос тұр.
Сәрсен Құранбек рұқсатсыз жатақхана ашып, өзге өңірдің балаларын әкеліп оқытқан жекеменшік мектептерге ескерту жасады. Және өздеріне де ресми ескерту жіберетінін мәлімдеді.
«Бұл жерде қарапайым халық, қарапайым мұғалімдер зардап шегіп тұрмыз».
Бұдан бұрын жекеменшік мектептердің құрылтайшылары, мектеп директорлары мен мұғалімдері бас көтеріп, әкіамдікке барған. Олар екі айдан бері жалақы ала алмай жүргеніне шағынған. Бұған жаңа жоба кедергі болып тұрғанын айтқан. Жан басына шаққанда қаржыландыру кідіріп тұрғанын қала әкімдігі де растағанымен, бұл жергілікті әкімдік деңгейінде шешілетін мәселе емес Оқу-ағарту министрлігінің шешіміне байланысты деген. Одан кейін жекеменшік мектептердегі екінші ауысымда оқитын балаларға ақы төленбей жатқаны туралы мәселе көтерілген болатын.
Қалада 133 жекеменшік мектеп жұмыс істеп тұр. Жекеменшік мектептер ашылған соң қалада үш ауысымда оқитын мектеп мәселесі шешілген еді.
Дилара Иса






