Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы MV Hondius кемесінде тіркелген хантавирус індетін бақылауға алды. Оңтүстік Америкаға жасалған сапардан кейін үш адамның қаза тапқаны расталды. Қазір науқастармен байланыста болған адамдарды анықтау және тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Іздеу аумағы Оңтүстік Африка мен Әулие Елена аралына дейін кеңейтілген. ДДСҰ әлем бойынша қауіп деңгейі төмен екенін хабарлады. Алайда вирустың инкубациялық кезеңі ұзақ болғандықтан, алдағы уақытта жаңа жағдайлар тіркелуі мүмкін екені айтылды.
ТЕДРОС АДАНОМ ГЕБРЕИСУС, ДДСҰ-НЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: «Қазіргі таңда бұл жағдайдың кең ауқымды індетке айналуы туралы ешқандай нақты белгі жоқ. Дегенмен жағдайдың өзгеріп кетуі мүмкін. Бүгінге дейін 11 жағдай тіркелген. Оның ішінде үш адам қайтыс болды. Қалған тоғызы зертханалық түрде расталған. Инфекция жұқтыруы мүмкін деген барлық адамдар оқшауланып, дәрігерлердің бақылауына алынған. Бұл шаралар вирустың одан әрі таралу қаупін барынша төмендетуге бағытталған»
Мамандардың айтуынша, вирус жұқтыру оқиғасы сәуірдің басында, кеме Ушуайя портынан шықпай тұрып тіркелген. Жолаушылардың әртүрлі бағытта таралуына байланысты бірнеше елде ондаған адам медициналық қадағалауға алынды. ДДСҰ жетекшісі Испания билігіне жедел әрекет еткені үшін алғыс айтып, барлық елдерді жағдайға мұқият болуға шақырды. Экипаж бен туристердің денсаулығындағы өзгерістер туралы ақпаратты уақытылы жеткізу қажеттігі атап өтілді. Жағдайды бақылау жұмыстары әлі де жалғасады.
ЛАУРА БАБАС






