Úı ANONS 46 отбасы қоныс тойын тойлады

46 отбасы қоныс тойын тойлады

Бүгін қаламызда тағы да қоныс той. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың тағы бір тобына жалдамалы пәтердің кілті табысталды. Баспана ұзақ жыл үй кезегінде тұрған 46 отбасыға бұйырды. 

Қалада күн күрт суытып, айналады ақ ұлпа жапқанына қарамастан қала тұрғындардың көңілі шат-шадыман. Себебі Асар-2 шағынауданында 50-ге жуық отбасы баспаналы болып жатыр»

Үйлі болған жанның бірі — Гүлбану Әжітаева. Ол өз шаңырағына қол жеткізу үшін 12 жыл бойы кезекте тұрған. Осы уақыт аралығында үш баласын жетектеп, жалдамалы пәтерден пәтерге көшіп жүргенін айтады. Енді, міне, арманы орындалып, отбасымен бірге жаңа пәтердің кілтін алды.

ГҮЛБАНУ ӘЖІТАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Мен 20104 жылдан бері кезекте тұрамын. Биыл 12 жыл. Көп күттік. Жүрегім жарылым қуанып тұрмын.  Пәтерде тұрдым. Көп пәтерде тұрдым»

Қуанышты сәтке Гүлбану Әжітаеваның жетпістен асқан анасы да арнайы келген. Ақ жаулықты әже  перзентінің баспаналы болғанын көру – көптен күткен арманым еді, дейді.

РОЗА ІЛИЯСҚЫЗЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Енді қызым осы үйде өсіп өнсін. Бала шағасының қызығын көре берсін. Өзім көруге келдім жаурағаныма қарамастан. Осы күнді көп күттік қой».

Бұл пәтерлер қаланың коммуналды тұрғын үй қорынан әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға беріліп отыр. Олардың қатарында мүгедектігі бар адамдар, толық емес, ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелейтін, көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Мамандар қала тұрғындары өз кезегін тексеріп отыру керектігін айтады.

ДӘУРЕН САУДАБАЕВ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Осындай әдемі үйлер жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы негізінде беріліп жатыр. Қазір тағы да баспанамен қамтылатын тұрғындарды анықтап жатырмыз. Келесі аптада да қала тұрғындарына жаңа пәтердің кілтін табыстауымыз мүмкін. Бастысы кезегі келген азаматтар Өркен.кз порталы арқылы алғысы келетін үйін таңдап, мақұлдау керек».

Жыл басынан бері бөлінген 235 пәтердің 117-сі тұрғындарға берілді. Бүгін тағы 46 отбасы қоныс тойын тойлады. Қалған пәтерлер кезекте тұрған азаматтарға жақын уақытта табысталмақ. Айта кету керек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Шымкентте 1 миллион 381 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Әсел Мәлік