Шымкентте ирригациялық желілерді ретке келтіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Қаланың бірқатар көшелеріндегі арықтар жаңартылып, жаңбыр және еріген қар суларын жинауға арналған арнайы каналдар қайта жаңғыртылып, кеңейтілді. Алайда кей жағдайларда бұл гидротехникалық нысандар мақсатсыз пайдаланылып отыр. Әсіресе жеке тұрғын үйлердің иелері тұрмыстық ағын суларын осы каналдарға ағызуда. Соның салдарынан су арналары кәріз жүйесіне айналып барады.
Салқын ауа райында Гастелло көшесіндегі жаңартылған ирригациялық канал маңында жағымсыз иіс онша сезіле бермейді. Алайда жаздың аптап ыстығында бұл маңда тұру мүмкін емес, дейді тұрғындар. Қолқаны қабатын жағымсыз иіс тұрмыстық қалдық сулардың салдарынан пайда болып, санитарлық жағдай күрт нашарлайды. Мұнда тіпті егеуқұйрықтар да көбейген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұған жоғары жақта орналасқан үйлерден ағатын кәріз сулары себеп болып отыр.
МАРИНА КОРНИЕНКО, қала тұрғыны: «Олар барлық ағын суларын осы жерге жібереді. Біздің ауданда барлық үй кәріз жүйесіне қосылмаған, сондықтан бәрі осы арыққа ағады. Елестетіп көріңізші: ыдыс жуады, жуынады, тіпті әжетханадан да ағуы мүмкін. Мен нақты тексерген жоқпын, бірақ жоғары қарай, Ақсу жаққа көтерілсеңіз, арық бойымен әр үйден тұрмыстық ағын сулардың төгіліп жатқанын көресіз. Бәрі осы жерге жиналады».
АЛИНА КИМ, қала тұрғыны: «Бұл — сұмдық жағдай! Әсіресе жазда. Тыныс алу мүмкін емес. Терезелеріміз тура осы каналға қарап тұр. Шыбын-шіркей, маса қаптайды. Мен бұл жерде 18 жыл тұрып келемін. Тұрмысқа шықсам да, жағдай әлі күнге дейін өзгермеді».
Аталған мәселеге байланысты тұрғындар аудандық әкімдікке бірнеше рет жүгінген. Белгілі бір шаралар қабылданғанымен, олар тек салдарын жоюмен шектеліп, түпкі мәселе шешілмей отыр. Айта кету керек, бүгінде бұл гидротехникалық нысан қайтадан қоқысқа толған.
МАРИНА КОРНИЕНКО, қала тұрғыны: «Келіп тазалап кетеді, бірақ түбегейлі жауып тастамайды. Әр үйді аралап, ашық тұрған ағын суларды жабу керек қой».
Бұл мәселе Еңбекші аудандық әкімдігіне жақсы таныс. Жыл басынан бері басқарма тарапынан конкурс жарияланып, мердігер ұйымды анықтау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, аудандағы кәріз жүйесіне қатысты мәселелер де басты назарда. Каналға лас су ағызған тұрғындар бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда айыппұл салу да көпшілікті тоқтатуға жеткіліксіз болып отыр.
МАРЛАН ЖОЛДАХМЕТ, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: «Кәріз жүйесіне қатысты аудан әкімдігі тарапынан Энергетика басқармасына ұсыныс енгізілді. Қазіргі таңда барлық бастапқы материалдар жиналып, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр».
Жаңа кәріз жүйесін тарту қомақты қаржы мен ұзақ уақытты талап етеді. Сондықтан санитарлық қауіпсіздікті бұзатындарға қарсы күресті бүгіннен бастау қажет.
Нұргүл Жолымбетова






