Úı ANONS Кентау қаласында болған өрт оқиғасы бойынша штаб отырысы өтті

Кентау қаласында болған өрт оқиғасы бойынша штаб отырысы өтті

фото ТОӘБҚ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірде болған қайғылы өрт оқиғасына байланысты жедел штаб отырысын өткізіп, барлық жауапты ұйымдарға алдын алу және қауіпсіздік шараларын күшейтуді міндеттеді. Төтенше жағдайлар қызметіне жұмысты күшейту тапсырылды.
Өңірде өрттің алдын алу шаралары күшейтілді. Мерекелік күндері барлық төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын үйлер, жатақханалар мен хостелдерде жаппай тексеру жүргізіліп, рейдтер ұйымдастырылуда. Сонымен қатар газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалануды бақылауға жауапты инспекцияның жұмысы жандандырылды. Халық арасында қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Кентаудағы оқиға орнына арнайы барып, жауапты қызмет өкілдерімен жедел кеңес өткізді. Аймақ басшысы жағдайды жеке бақылауына алып, жедел штаб құрылды.
Айта кетейік, бүгін түнде Түркістан облысының Кентау қаласында көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан қоғамдық тамақтану орнында газ-ауа қоспасының жарылысы салдарынан өрт шықты. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндіру бөлімшелері тілсіз жауды қысқа уақыт ішінде толықтай ауыздықтады.
Өкінішке қарай, оқиға салдарынан 18 жастағы азамат көз жұмды. 4 адам әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Олардың екеуінің жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр. Зардап шеккендер толық медициналық бақылауда.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда тиісті тергеу амалдары жүргізілуде.