Úı ANONS Су тапшылығының себебі неде?

Су тапшылығының себебі неде?

Бүгін Шымкентте Француз даму агенттігінің қолдауымен Халықаралық Аралды құтқару қорының ұйымдастыруымен семинар өтті. Мамандар су тұтынудың жаңартылған, ғылымға негізделген стандартын дайындау, ауыл шаруашылығы дақылдарын суару режимін әзірлеу су ресурстарын тиімді пайдалануға әсер етеді дейді. 

Су тапшылығы — оңтүстік аймақтар не Қазақстанның ғана емес, әлемдік деңгейде күрделі экологиялық мәселе. Қазақстанда, әсіресе оңтүстік аймақтар өткен жылы ағын судан таршылық көрді. Ауыл шаруашылығы мен қоса халықты ауыз сумен қамту мұңға айналды. Трансшекаралық өзендерге тәуелділік, инфрақұрылымдардың тозуы, климаттың өзгеріп, су деңгейінің күрт төмендеуі мәселені одан да ушықтырды. Ал енді бұл мәселемен қалай күрескен абзал? Ол үшін не істеу керек? Осы және өзге де сұрақтар бүгін Шымкентте Қазақстан су серіктестігі қоғамдық қоры ұйымдастырған семинарда талқыға түсті. Оған Қазақстан мен Өзбекстан билігінің өкілдері, екі жақтың мамандары мен ғалымдары қатысты.

ШАВКАТ КЕНЖЕБАЕВ ЗЕРТТЕУШІ: «Қазіргі уақытта мұздықтардың 30 пайызға азайғаны айтылады. Бұл өзендердегі судың мөлшеріне әсер етеді. Халық санының өсуі мен жаңа жерді игеру де суға деген сұранысты арттырған. Оған қоса бұрынғыдай ірі шаруа қожалықтары жоқ, ұсақ-түйек шаруалар көп. Бұл суды басқаруға, су ресурстарын тиімді пайдалануға кедергі етеді».

Су тапшылығы ауыл шаруашылығына, әсіресе ылғалды қажет ететін дақылдарға тікелей әсер етеді. Бұл мәселені біздің үкімет те жоққа шығармайды. Мамандар су үнемдеу технологияларын жеделдетіп енгізу, магистральдық құбырларды жаңарту және суды цифрлық басқаруға көшіру керек деп санайды. Ал су тапшылығының негізгі себебі қандай? Бұл туралы мамандар не дейді?

МҮСІЛІМ ЖИЕНБАЕВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРАЛДЫ ҚҰТҚАРУ ҚОРЫНЫҢ АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРУШЫСЫ: «Біздің елде 8 бассейн бар ғой. 8 бассейіннің 7-еуі трансшекаралық бассейін. Су сол жақтан келеді. Ең күрделі жағдай, Қазақстан бойынша айтатын болсақ ол – Сырдария бассейні. Өзен бойынша біз төменде орналасқанбыз. Барлық мемлекетте суармалы егістік дамыған. Сондықтан тапшылық бізде қатты білінеді».

Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысында су тапшылығы қатты байқалды. Жергілікті әкімдік мұны трансшекаралық каналдардан келетін су көлемінің азайғанымен байланыстырды. Диқандарға су кезекпен берілді. Кей аудандарда судың уақытылы келмеуінен егіндер қурап, өнім шықпады. Әкімдік биыл да су тапшы болатынын ашып айтты.

Дилара Иса