Úı ANONS 3 мың SIM карта алаяқтардың қолданысында болған

3 мың SIM карта алаяқтардың қолданысында болған

фото ТОПД

Алаяқтарды сим картамен қамтамасыз еткендер анықталды. Шымкент қаласында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтарға қазақстандық SIM-карталарды заңсыз жеткізіп отырған күдіктілердің жолын кесті.

Олар отандық байланыс операторларының абоненттік нөмірлерін үшінші тұлғаға тіркеп, арам ойын жүзеге асырған. Белсенді нөмірге қол жеткізген алаяқтар, аккаунттарды өз бақылауына алып, қылмыстық схемаларды жүзеге асырған.

«Жедел іс-шаралар барысында киберполиция қызметкерлері екінші қатысушыны анықтады. Ол – ұялы телефондарға арналған аксессуарлар дүкенінің сатушысы. Клиенттердің жеке деректерін пайдаланып, олардың атына қосымша абоненттік нөмірлер рәсімдеп, өткізіп отырған. Аталған арна арқылы 3 мыңнан астам абоненттік нөмір белсендіріліп, интернет-алаяқтық әрекеттерде қолданылғаны белгілі болды».

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құзырлы органдар азаматтарды жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге және күмәнді әрекеттерге сақ болуға шақырады.

Нұргүл Жолымбетова