Артыңыздан қалмай, тынышыңызды алған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Шымкентте екі нәзік жанды полицияға арыз түсірген. Қазіргі таңда, екі күдікті қамауға алынып, іс-құжаттары сотқа жолданды. Оларды қандай жаза күтіп тұр?
Қалалық полиция қызметкерлері шымкенттік әйелдерге қатысты сталкинг фактілерін анықтады. Олар құзырлы орган өкілдеріне хабарласып, өздерінің қыр соңынан қалмай жүрген жандардың бар екенін жеткізген. Тез арада, жедел шара жүргізген полицейлер, екі күдіктіні ұстады. Оның бірі, бұрын соңды қарым-қатынаста болғанын алға тартып, әбден мезі еткен. Ал, екіншісі, сталкинг әрекеті физикалық күш қолданумен аяқталған.
ЕРКЕБҰЛАН ЕРЕЖЕПОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Екі оқиғада да жәбірленушілер күдіктілермен бұрын таныс болған.
Алғашқы жағдайда қала тұрғыны бұрын қарым-қатынаста болған. Әйел барлық байланысын үзіп, әлеуметтік желілерде бұғаттағанымен, қудалау жалғасқан. Нәтижесінде күдікті жедел түрде ұсталып, қамауға алынды».
Полиция өкілдері мұндай құқық бұзушылықтарға жол берген азаматтар қолданыстағы заңнама аясында қатаң жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. Айта кетсек, бұл факті қылмыстық кодекстің 115 бабы 1 — ші бөлігімен қаралады. Яғни, күдіктілердің іс-әрекетіне қарай айыппұл салудан бөлек, еңбек жұмыстарына тарту шаралары қолданылады.
ҚР Қылмыстық Кодексi
115-1-бап. Сталкинг
Сталкинг, яғни адамның еркіне қайшы онымен байланыс орнатуға және (немесе) оны аңдуға бағытталған, зорлық-зомбылықпен ұштаспайтын, елеулі зиян келтіруге алып келген әрекеттерден көрінетін заңсыз қудалау –
екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
ҚР Қылмыстық Кодексi 115-1-бап. Сталкинг
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 11 қаңтар күні Нұрай Серікбайды артынан қалмай аңдып жүрген жігіт, пышақтап өлтірген болатын. Марқұм талай рет полицияға арызданғанымен, ешбір шара көрілмеген. Бұл туралы туыстарымен таныстары мәлім еткен. Олардың айтуы бойынша жауапсыздықтың салдарынан жап-жас өрімдей қыз ажал құшқан. Бұл қанды оқиғаға қатысты билік үнсіз қалмады. Сондықтан, адамның ізіне түсу бойынша іс қозғалу керек деген тұжырымға келген болатын. Жаға ұстатарлық жайттан кейін Ішкі істер министрлігі Шымкент қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын хабарлады.
Ал, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та аталған іс бойынша құқық қорғау органдарының әрекетіне жан-жақты тексеру жүргізуді тапсырды. Нәтижесінде, Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысы қызметінен босатылды. Сондай-ақ бірқатар полиция қызметкеріне салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Нұргүл Жолымбетова






