Жауын-шашыннан кейін Ақтоғай көшесінің бір бөлігі шөгіп кетті. Тұрғындардың айтуынша, одан кейін ары-бері жүру қиындап қалған. Кеше мердігер компания асфальт орнына топырақ салып толтырып кеткен. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы көше наурыз айының соңына дейін компания есебінен қайда қалпына келтіріледі деп сендіреді.
Шымкент қаласы Абай ауданы Ақтоғай көшесінде төселгеніне бір жыл болмаған асфальт жол шөгіп, ойылып қалды. Салдарынан жақын маңдағы екі жеке тұрғын үй сусыз қалған. Тұрғындардың көлікпен ары-бері жүруі де қиындаған. Асфальт шөккен күйі 5 күндей жатқан. Тұрғындар, опырылып қалған жермен балалар жүріп, түсіп кете ме деп алаңдадық дейді.
«Жаңбыр қатты жауды ғой. Кішкентай еді. Одан кейін бірден шөгіп кетті. Шөккеннен кейін су астындағы шлангіні қысып қалып, үзіп жіберді. Екі көршіміз сусыз қалды. Көшенің бәрі шөгіп кетті».
«Кәдімгідей жарылып, жолда жүре алмай қалдық. Көліктер өте алмай, қиналып, бала-шағамыз мектепке барады, кіріп-шығуға қиналды. Есік алды опырылып кетті».
Дәл қазір жарылған жолдың бөлігін алып, топырақпен жауып тастаған. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мәселеден хабардар. Басқарманың дерегінше, 2025 жылдың шілде-тамыз айында көшені мердігер мекеме, атап айтқанда, «Atash Trans Logistics» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған. Асфальт жабындысын төсеу алдында да, жолдың негізін нығыздау кезінде де «Ұлттық сапа орталығы» сараптама жүргізген. Десе де көшенің асфальтбетон жабындысы шөккен.
«Басқарма мамандары жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижесінде Ақтоғай көшесінің белгілі бір аумағында асфальтбетон жабындысының астында бұрын кәріз құбырларын төсеу жұмыстары жүргізілгені анықталып, дәл осы учаскелерде топырақтың отыруы салдарынан жабынның шөгуі орын алғаны белгілі болды»
ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ
Басқарма аталған ақаулар мердігер компанияның есебінен қалпына келтіріледі дейді. Себебі, 5 жылдан аса кепілдік мерзімі бар. Қазір мердігер мекеме дайындықты бастаған. Жұмыс наурыз айының соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланған.
Дилара Иса







