Úı ANONS Гүл жұлғанға — айыппұл

Гүл жұлғанға — айыппұл

Дала гүлдері мен сиреньнен жасалған әдемі гүл шоқтары үшін қазақстандықтарға айыппұл салынуы мүмкін. Сондай-ақ, бірқатар дәрілік өсімдіктерді жинауға да тыйым салынған. Әріптесім еліміздегі «фито-айыппұлдар» туралы қысқаша ақпарат дайындады.

Сирень бұтағын сындырғаны үшін қазақстандықтарға 216 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін! Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Қандай өсімдіктер мен дала гүлдеріне тыйым салынды және ағаштарды кесудің салдары қандай?

Қазақстанда ағаштар мен бұталарды заңсыз кескені, жойғаны немесе зақымдағаны үшін 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 338-1 бабына сәйкес, бұл норма аулалардағы, саябақтардағы және көше бойындағы жасыл желектерге қатысты. Демек, қоғамдық орындарда сиреньді жұлуға немесе бұтағын сындыруға қатаң тыйым салынады.

 Ал егер бұталар мен ағаштар жеке меншік аумақта орналасқан болса, зиян келтіру мәселесін меншік иесінің өзі шешеді. Иесі өтемақы, соның ішінде моральдық шығынды өтеуді де талап етуге құқылы.

 

 Түркістан облысында гүлдейтін бірегей Грейг қызғалдақтарын жұлғандарды да жауапкершілік күтіп тұр. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, Қазақстанның «Қызыл кітабына» өсімдіктердің 387 түрі енген, оның ішінде Грейг қызғалдағы да бар. Мұндай өсімдіктерді жұлуға, зақымдауға, тасымалдауға немесе сатуға заңмен тыйым салынған.

 

«Сирек кездесетін өсімдіктерді жинау, жою, зақымдау, сондай-ақ заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау және өткізу — қылмыстық жауапкершілікке жататын әрекеттер», — Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.

 

 Таулар мен далалардағы бәйшешектерді жұлуға да болмайтынын есте сақтаған жөн. Сонымен қатар, дермене жусаны мен көксағыз секілді дәрілік өсімдіктер үшін де айыппұл арқалауыңыз мүмкін. Сондай-ақ тізімге інжугүл, бұйра лалагүл, Андржевский қалампыры, Виталий бақбағы мен қазақстандық қамыс та енген.

 Елімізде қорғауға алынған өсімдік түрлері 380-нен асатынын ескерсек, қазақстандықтарға әдемі фотосурет үшін жабайы өсімдіктер мен гүлдерді жұлудан мүлдем бас тартқан абзал.

Ботакөз Әнуар