Úı ANONS «Нұрайдың ісі»: Шымкентте лауазымды полиция қызметкерлері жұмысынан босатылды

«Нұрайдың ісі»: Шымкентте лауазымды полиция қызметкерлері жұмысынан босатылды

«Күдіктінің маза бермей, қоқан-лоққы көрсеткені анықталды. Арты адам өліміне әкеп соқты. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор бұл мәселені мұқият тексереді. Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз. Бұл ұлттық беделімізге нұқсан келтіретін өрескел жағдай, қылмыс. Мұндай қатыгездікке жол беруге болмайды».

Шымкентте өз үйінің маңында бірнеше жерінен пышақталып, қайтыс болған Нұрай Серікбайдың оқиғасына қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдірді. Артынан ішкі істер министрлігі шымкенттік лауазымды қызметте отырған полицейлердің жұмыстан қуылғанын мәлімдеді. Ал марқұмның туыстары бұған не дейді?

Бүгін Қызылордада өткен құрылтайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз үйінің маңызда пышақталып, қайтыс болған 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ісі бойынша пікір білдірді. Ол қайғылы оқиғадан кейін ішкі істер министрлігіне тапсырма бергенін жеткіді.

Көп өтпей кешке ішкі істер министрлігі өзіндік қауіпсіздік департаменті Шымкент қаласы Қаратау ауданы полиция басқармасының қызметкерлері Нұрай Серікбайды тірі кезінде күдіктінің аңдып, қорқытып-үркіткені туралы туыстарының өтініштерін тиісінше қарамаудың ықтимал фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.

Қылмыстық іс шеңберінде жедел ден қоймау және уақытылы шаралар қабылдамау бойынша барлық дәйектер жан-жақты тексерілетінін, тергеу қорытындысы бойынша заңда белгіленген тәртіппен лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін хабарлады. Сонымен бірге, құқықтық тәртіпті тиісінше қамтамасыз етпегені үшін Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков және оның бірінші орынбасары қызметінен босатылған. Бұдан бөлек, бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылған.

«Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу барысы ІІМ бақылауында. Тәжірибелі қызметкерлер қатарынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылды»
ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Президент пікірі мен ішкі істер министрлігінің хабарынан соң Нұрай Серікбайдың туыстары істің әділ тергелуіне үміт пайда болғанын айтады. Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай істі «Адам өлтіру» бабының 1-бөлігімен емес, 2-бөлігімен тергеуді талап етеді.

21 жастағы Нұрай Серікбайды үйіне жақын маңдағы жаяу жүргіншілер жолында пышақтап кеткен. Ол оқиға орнында тіл тартпай қайтыс болды. Күдікті 2025 жылдың қазанында Нұрайды еркінен тыс алып қашқан, оған қыз да, отбасы да көнбеген. Осы жайт бойынша полицияға арызданған, бірақ күдікті енді маңына жоламайтынына уәде берген соң, Нұрай Серікбай оған кешірім берген.

Дилара Иса