Úı ANONS «Карбон»: Шымкентте 17 адам сотталып, 1 адам ақталды

«Карбон»: Шымкентте 17 адам сотталып, 1 адам ақталды

фото egemen.kz

Шымкентте қоғамдық резонанс тудырған тағы бір іс бойынша үкім оқылды. Бұл жолы сотта 18 адам тергелді. Оның бірі ақталды, қалғанына түрлі жаза тағайындалды.

Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Карбон» есірткі интернет-дүкеніне қатысты үкім оқыды. Іс бойынша 18 адам айыпталған. Олардың ішінде Ресей және Ауғанстан азаматтары да бар. Күдіктілерге тағылған айып та әртүрлі. Олар Қылмыстық кодекстің 4 бабымен жауапқа тартылған.

Атап айтқанда «Заңсыз кәсіпкерлік» бабы, «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» бабы, «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу» бабы және «Трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» бабымен іс тергелген.

Сотталушылар мен олардың жақындары үкімді жылап тыңдады. Әрбір айыпталушыға үкім жеке-дара шығарылды. Олардың арасында қыздар, балалы әйелдер де бар. 18 адамның бірі қылмысы дәлелденбегендіктен толық ақталып, сот залынан босатылды. Ал қалған сотталушылардың арасында ең көбі 16 жылға түрмеге жабылды. Ең азы – айыппұл арқалады. Сотталушылардың әрқайсысына әртүрлі жаза тағылғанына наразылар да болды. Судья неге бұлай үкім шығарғанын түсіндіріп берді.

Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Тергеу дерегіне сай «Карбон» есірткі интернет-дүкені миллиардтаған теңгеге есірткі өндіріп, таратқан әрі түскен табысты криптовалюта арқылы заңдастырған трансұлттық қылмыстық желі. Бұдан бұрын Бас прокуратура Шымкентте трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталғанын жария еткен. Сот тергеуі бірнеше айға созылған.

Дилара Иса