Мектеп инспекторы жетпей жатыр

830
Альбина Елшиева

Белгiлi бiр бiлiм ошақтарына бекiтiліп, кәмелетке толмағандар iсiмен айналысатын тұлғаны – мектеп инспекторы дейміз. Оның өкiлеттiлiгi мен мiндетi — құқықбұзушылықтың алдын алу, «қиын» балаларды есепке тiркеп, олармен жұмыс жүргiзу, мектеп әкiмшiлiгiмен және оқушылардың ата-аналарымен тығыз байланыс жасай отырып, қылмысты болдырмау. Олар барлық педагогикалық кеңестерге қатысып, мектептегi тәртiптi күшейту туралы ұсыныс бiлдiруге құқылы. Тағы бiр мiндетi — құқық негiздерiн үйрету. Сондай-ақ, олардың сапын 22-32 жас аралығындағы офицерлер құрайды.

Инспекторлыққа бұрыннан полицияда жұмыс iстеп келе жатқандар әрi осы салаға ниет бiлдiргендер алынады. Жалақысы 45 мың теңгеден жоғары. Қызмет барысында мектептiң директорына бағынышты болады. Білім шаңырақтарында мектеп инспекторларының болуы кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға көп көмегін тигізеді.
Олар тәртіп бұзғандарға бірден жаза қолданбай, теріс әрекеттердің себептерін анықтағаны жөн. Әр баламен және олардың ата-аналарымен де жекеше жұмыс жүргізіп, оларға психологиялық-моральдық тұрғыдан кеңестер беріп, дұрыс жолға түсуіне мүмкіндік жасауы қажет.
Мектеп жасындағы балалардың арасында қылмыс едәуір өсіп отыр. Осы келеңсіз жайттардың себебін көпшілік мектеп инспекторларының жетіспеушілігінен деп ойлайды. Бір ғана Шымкент қаласының өзінде 69 мектеп инспекторлары бар болса, 12 мектепте ол да жоқ. Осы күнге дейін №№ 19,22,45,57,70,71,72,73,76,86,87,88 мектептер инспекторсыз жұмыс істеп келеді. Ал бала тәрбиесінде формалы тәртіп сақшысының рөлі ерекше екенін айтпай кету мүмкін емес.

Қанша қылмысқа жол жоқ десек те, бүгінгі жастар сол жолды тауып алып, өмірден ерте опық жеп жатады. Десе де болашақ ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін ең алдымен олардың тәртібін жөнге салған дұрыс болар. Сондықтан да бала тәрбиесіне келгенде ақшаны желеу етіп, инспекторлардың санын азайтқанымен қылмыс азаймасы ақиқат.

 Альбина Елшиева, облыстық білім басқармасының бастығы:
– Облыстағы 1017 мектептің 223-де 140 иниспектор қызмет атқарады. Өздеріңіз байқағандай бізде мектеп инспекторлары жетіспейді. Сондақтан мұғалімдерді жұмылдырып, түнгі уақытта ұйымдастырылатын рейдттерге алып шығамыз. Күндіздің өзінде кезекшілікке қойып, бала тәрбиесіне еріксіз жауап бергізіп, құқық бұзушылықтың алдын аламыз. Көптеген басқосуларда осы инспекторларды сұрап, жоғары жаққа хатпен де шықтық. Осы мәселе бойынша 2011-2012 жылдары 486 мектеп иниспекторына штат ашып беру үшін облыстық бюджетке ұсыныс та жіберілген. Айта кетерлігі, инспекторлар жалақыны ОҚО ІІД -нен алады. Штат мәселесі ҚР Ішкі істер министрлігінің рұқсатымен ғана шешіледі.