Қасқыр шапқандарға құтыруға қарсы вакцина егілуде

488
Сарыағаштағы қасқыр

Құтыру ауруына қарсы егу жұмыстары жүргізілуде. Еске сала кетейік, қаңтар айының бірінші жұлдызы Сарыағаш ауданы Ақсу елдімекенінің тұрғындары үшін оқыс оқиғамен есте қалды.

Осы күні ауылдағы қора-қопсыға шапқан қасқыр бір кісінің қолын жаралап, малдарын қырып кеткен. Зардап шегуші күрекпен қасқырды ұрып алыпты. Енді осы оқиғаға қатысы бар 6 кісі ауруханада ем қабылдап жатыр. 18 жылқы, 11 ит, 271 ұсақ мал, 46 ірі қараға құтыруға қарсы егу жұмыстары жасалынды.

Желтоқсан айында Түркістан ауданындағы «Нарбет» шаруа қожалығы да тап осындай жыртқыш аңдардың шабуылынан зардап шеккен. Нәтижесінде қорадағы 750 малдың 225-і қырылған. Яғни, шаруа қожалығы 5 млн. теңгеден астам шығынға ұшырады. Сарыағаштағы оқиғаға байланысты өлген қасқырдың басы зертханалық тексеруге жіберілді. Алғашқы сараптама қауіпті ауруды растаған жоқ. Толық зерттеу бір ай көлемінде аяқталады.