ОҚПУ-да біліктілікті жетілдіру дәрісі басталды

Заманауи білім кеңістігіндегі педагогтың жаңашыл бағыттағы дамуы. 16-қаңтардан бастап Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық Университетінде мұғалімдерге арналған біліктілікті арттыру курсы басталды. Бір аптаға дейін жалғасатын оқу-жаттығу тренингінде Шымкенттегі жоғары оқу орындары мен мектептердің психологтары және педагогтары сондай-ақ, өзге де пән мұғалімдері дәріс алатын болады. Алматылық психологтар сабақ беретін шара Шымкентте арнайы ұйымдастырылып отыр.

Біліктілікті арттыру курсының оқыту әдісі сабақ беру процесіндегі инновациялық технологияларды пайдалануға негізделген. Ол бойынша педагог негізгі сабақ беруге қосымша оқушының психологиялық ахуалын да тез аңғаруға тиіс. Кәсіби біліктілігін тәжірибе барысында пайдалануы шарт. Қоғамда соңғы кездері орын алып жатқан қайғылы жағдайлар білім жүйесіне осы жаңалықтарды енгізуге ықпал етті дейді ұйымдастырушылар жағы.

Зәуре Қабылбекова, «Қазақ психологтар қауымдастығы» ҚБ ШФ директоры: «Мектеп, жоғарғы оқу орындарында кейінгі кездері көптеген қайғылы жағдайлар орын алуда. Мәселен бала шексіз агрессияға тап болып, суицидке ұшырауда. Мұның бәрі эмоциялық көңіл-күйдің нәтижесінде болып жатқан жағдаяттар. Сондықтан да оқушыға не болмаса студентке сабақ беру барысында оған пәнді ғана үйретіп қою аз. Оның психологиялық көңіл-күйін жылдам аңғарып, соған сай әдіс-тәсілдер жасалуы қажет. Бүгін басталып отырған оқу-жаттығу тренингінде біз тек қана педагогтар мен психологтарға ғана дәріс беріп қоймай, өзге де пән мұғалімдерін тартпақпыз. Адам жандүниесін білген оқытушы ғана сабағын да қызықты етіп өткізе алады».

Аптаға жалғасатын шараға 200-ге жуық мұғалімдер мен оқытушылар қатыстырылады. Қазақ психологтар қауымдастығы мен Оңтүстіктік Қазақстан Педагогикалық университетін ұйымдастырған шара қаңтардың 23-не дейін жалғасады. Сөйтіп, біліктігін арттырған оқытушылар мен мұғалімдерге арнайы сертификаттар табыс етілетін болады.