Полиэтиленді пакет жатқан жерге 100 жыл бойы шөп шықпайды

1339
пакет жатқан жер

Өкінішке қарай, ыңғайлылығына әбден үйренісіп алған біздің елде қарапайым полиэтиленді пакеттермен-ақ қоршаған ортаға тигізіп жатқан залалымыз ойымызға кіріп-шыққан да емес.

«Қала ғана емес, даланы да жаулап, екінің бірінен табылар полиэтиленді пакеттерді елімізге әкелінуіне тосқауыл қою керек. Полиэтиленді пакет жатқан жерде 100 жылдап шөп -өспейді. Осыдан-ақ оның зияны түсінікті шығар. Ең алдымен, қағаз қораптар шығаратын өндірістерді іске қосу керек,-» деп дабыл қағады облыстың бас экологы.

Ағылшын ғалымдарының есебін­ше, ірі қалалардың әрбір тұрғыны, тым болмағанда, бір жаңа пакетті пайдала­ну­дан бас тартса, ауаға жайылатын зиян­ды заттардың көлемі жылына 11 000 тоннаға азаятынға ұқсайды.

 Әбдіғани Атымтаев , Шу-Талас экология департаменті ОҚОФ директоры: «Бұл мәселені бастама ретінде көтермек ойымыз бар. Үкімет деңгейінде шешілетін мәселе. Мәселен, Алматыда қағаздан жасалатын қораптар (жұмыртқаға арналған) шығаратын зауыт жұмыс жасаған еді. Ол сырттан келетін полиэтиленді пакеттердің қасында бәсекелестікке қауқарсыз боп жабылып қалды. Алыс-жақын шет елден келетін бұл тауардың тасымалына тиым салу керек. Сөйтіп экологиялық таза, сапалы қағаз қораптар өндірісін өркендету керек».

Қарлығаш Бекенова: «Полиэтиленді үлбірлерді жасау үшін технологиялық процес кезінде әрине, химикат заттар болады. Олар бекітілген нормадан аспау керек. Әсіресе, өртегенде қандай зиянды заттар шықпайды дейсіз бұлардың құрамынан. Мысалы олардың құрамында еріткіш заттар болады. Этилен, формальдегид, метанол т.б. секілді химиялық заттар болады. Оны ешкім жоққа шығармайды».

Сондықтан да химиялық зиянды заттарға бай, қоршаған ортаға залалы орасан полиэтиленді пакеттерді тиімді, ұқыпты пайдалану сіз бен бізге сын. Тұтыну мәдениетіңізге мән беріңіз.

Пластик пакеттердің негізін құрайтын полиэтилен мен поливинилхлорид қорша­ған ортада ондаған жылдар бойы сақталады және микроорганизмдерге ешқашан «жұты­лып кетпейді». Ал бұл полимерлерді өртеу канцерогендік қақ пен өте улы диоксин­нің пайда болуына әкеліп соғады. Ыдыс-аяқты және азық-түлік өнімдерін орауға, салуға арналған қапшық ретінде, негізі, жоғары қысымда дайындалған полиэтиленді ғана пайдалануға рұқсат етілген. Себебі төмен қысымда әзірленген пластик пакеттерде катализаторлардың – адам денсаулығына өте зиянды металдардың қалдығы сақталып қалуы ықтимал.