Асуда қалған 90 адам Шымкент қаласына жеткізілді

Облыстық Шаян-Шолаққорған автожолында қатты тұрған желдің салдарынан тас жолда қалған азаматтар жұма күні түнде Шымкент қаласына жеткізілді. Бұған дейін Бәйдібек аудандық Шақпақ елдімекенінің ауруханасында жан сақтаған жолаушыларды арнайы топ құтқарды. Бәйдібек пен Созақ аудандары аралығындағы асуды біраз уақыттан бері боран бүркеп тұр. Желмен арпалысып жолды тазалаған ауыр техникалар Шақпақ елдімекеніндегі ауылдық ауруханаға 3 күн өткен соң барып жетті. Себебі, тазаланған жолдағы қарды қатты боран жарты сағат болмай қайта жауып тастайды. Асулардағы бір жарым метрге жуық қарды шайнап, жағаға лақтыратын, оны көшенің ортасынан ысыратын секілді 8 ауыр техника жұмылдырылған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ауыр көліктері құтқарылушыларды қиын жолдардан өткізіп, Автобус көлігіне отырғызды. Олардың қуанышында шек жоқ.

Аманкүл НАУШАБАЕВА, Таукент қаласының тұрғыны: «Алғабас ауылдық ауруханасында дәрі-дәрмек, азық-түлікпен қамтамасыз етті жағдайымыз жақсы. Барлығына рахмет айтамыз».

Қайтар кезде ұйтқи соққан қарлы боран жолды қайта жауып тастаған. Жолды қайта арши отырып, Алғабас пен шаянның аралығын арнайы мамандандырылған техникалар 4 сағат бойы жүріп өтті. Ал, Шаян мен Шымкенттің арасы ашық болатын.

Әбілсейіт Рабаев, ОҚО жолаушылар көлігі және автомовиль жолдары басқармасы бастығы: «Тұрғындар төтенше жағдайда жолға шықпау туралы ескертуге құлақ аспай өтіп кеткен. Боранда қалған 90 адам Шақпақ елдімекеніндегі ауруханадан Шаян мен Шымкент қаласына жеткізілді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе отырып, «ШымкентГазДС» ЖШС-нің қарды жағаға лақтыратын және ысыратын 8 техникасы жолдағы қалың қарды тазалап отырды. Құдайға шүкір, адам шығыны жоқ».

Жолда қалған 102 адамның 90-ы автобуспен жеткізілді. Қалған 12 адам өз көліктерімен қайтты. Ал, құтқарушы топ өз жұмыстарын жалғастыруда.