Құрсайлықтар ауыз суға зәру

208

Қала іргесіндегі Құрсай елді мекеніндегі жаңа құрылыс бөлігінің тұрғындары ауыз суға зәру. Лаура Рысбекованың айтуынша, үй соғудың өзі қиынға соғыпты, құрылысқа қажетті суды отбасы қаладан тасыған. Сонша әуреленіп құдық қазғанымен, одан да түк шықпапты.

Лаура Рысбекова, Құрсай /Береке/ шағынауданының тұрғыны: «Құрылысты бастағанда  25 метр тереңдігімен құдық қаздық. Алайда, бір айдай су болды да, тартылып қалды. Енді оны жауып тасмақпыз».

«Су-тіршілік көзі. Онсыз бір ісіміз өңбейді. Баспаналарымызды сатып алған суға көтердік. Қол қусырып отырған жоқпыз, ауыз су мәселесімен қала да ауыл әкімдіктеріне де бардық»,- дейді тұрғындар. Су жүйесін тартып алайын десе, әр үй 80 мың теңгеге шығындалуы тиіс. Бірақ, оны қалта көтермейді деп ашынады жергілікті жұрт.

Тұрғын: «100 мың теңгесі барлар шағынауданда суды тартып алды. Оларды саусақпен санауға болады. Басқаларымыз  күн көріске  әрең  қаражат    тауып отырмыз. Әкімдер  тұрғылықты халыққа су береміз деп  ойламайды да. Осылайша күн кеше береміз бе?»

Ұлжан Әшірбекова, тұрғын: «Суды өз басымыз сатып алып ішіп отырмыз. қаланың іргесінде тұрғанымызды қайтейік. Суға да жарымадық».

2007 жылдары инфроқұрылым тартылмай жатып жердің оңды-солды үлестіруінің зардабын енді тұрғындар көруде. Ал жергілікті әкімдік әрекетке енді көшті.

Данияр Сұлтанов, Сайрам ауданына қарасты Бадам ауыл округі әкімінің міндетін атқарушы: «Су жүйесінің  жобалық сметалық құжатын жобалау институты  наурыз мерекесінен кейін бастауы керек еді. Жылдың соңына дейін Жаңа құрылыстағы  құрсайлықтарға су беріледі».

Шенеуніктің айтуынша, су ауылға жылдың соңына дейін келеді екен. Бірақ бюджеттен қаражат бөлу, тендер өткізіп, мердігерді анықтау сияқты мәселелерді қоссақ мұншалықты қысқа мерзімнің жетпесі түсінікті. Оңтүстік өңірінде өткен жыл ауыз су жылы болып белгіленгенді. Алайда, тек биыл ғана Сайрам ауданына қарасты Құрсай шағынауданының Жаңа құрылыс бөлігінің тұрғындары игі бастаманың шарапатын көрсек деген  ниетте.