Арақ үшін адам өлтірді

 23 жасар азамат спирттік ішімдікке ақша бермегені үшін ерлі-зайыптыларды қасақана өлтіріп, қамауға алынған еді. Бір жылға жуық созылған тергеу ісі аяқталып, сот үкімімен ол 21 жылға бас бостандығынан айырылды.

 Денис Снегерев 2011 жылғы тамыздың 29-ы күні түнгі сағат 23-00 шамасында Мақтарал ауданына қарасты Достық ауылында тұратын ерлі-зайыпты Г.С. Галин мен Г.И. Нафикованың үйіне келді. Үй иесімен бірге жұмыс істейтіндіктен, Денис бұл шаңыраққа жиі келіп тұратын. Анда-санда қонып та қалатын. Бұл жолы көп ішкендіктен басы сынып тұрған қонақ жуық арада жата қоймай, ащы арақтың азабы шыдатпаған соң Нафиковадан 2000 теңге сұрайды. Ақша жоқ екенін,одан гөрі жатып демалғанын қалаған Нафиковаға өшпенділікпен қараған Снегерев біршамадан соң орнынан қайта тұрып, ерлі-зайыптылар жатқан бөлменің жарығын жағады. Себебі, бір жұтым арақ жанын жай таптырмаған ол, асүйден асханалық пышақты ала шығуды ұмытқан жоқ.

Қаннен қаперсіз демалып жатқан ерлі-зайыптыларды оятып, тағы да ақша беруін сұраған Денис бұл жолы неден болса да тайынбасы анық еді. Қонақтың қолындағы пышақты көрген Г. Галин орнынан тұрып, Дениске жақындай бергенде құтырған қасқырша көзі қанталаған Снегерев отағасының кеуде тұсының бірнеше жеріне пышақ сұғып, ауыр жарақаттайды. Тілге келмей қайтыс болған Галинді көрген Нафикова: «Сен не істедің?»,-деп Дениске ұмтыла түскенде оң қолына оңтайлы ұстаған пышақты әйелге де сілтейді. Көкірек тұсынан қадалған пышақ жарақатынан Нафикова да қайтыс болды. Үй ішін емін-еркін аралаған Денис Снегерев марқұмдардың жиып жүрген 154000 теңгесін және жеке куәліктерін алып, оқиға орнынан бой тасаламаққа сыртқа шыққан.

Қолға түскен олжасының бір бөлігін қарызға беріп, өзіне киім-кешек, ұялы телефон сатып алған Денистің дәурені ұзаққа созылған жоқ, күдікті ретінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қолына түсті.

Тергеу барысында айыпкер барлық шындықты мойындап, қариялардың үйіне жиі баратынын, оларға баласындай болып кеткенін, қажет кезінде ақша да алып тұратынын айтып, барлығы арақтың кесірі екеніне өкініш білдірді. Өкінгенмен пайда жоқ, ОҚО арнайы мамандандырылған сотының судьясы А. Шахадиновтың төрағалығымен өткен сот отырысында ауыр қылмыс жасап, екі бірдей жанның қанын арқалаған Денис Снегеревті 21 жылға бас бостандығынан айыруға және мүлкін тәркілеп, жазасын түзеу колониясының қатаң режимінде өтеуге үкім шықты.