ОҚО әкімінің орынбасары Кентау, Түркістан тұрғындарымен кездесті

209

Облыс әкімінің орынбасары Болат Әлиев сала басшыларымен бірге Кентау, Түркістан қалаларында болды. Ондағы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, көтерілген сауалдарға жауап берді.

4 жыл уақыттан бері кондоминуим құрып, көршілері төрайым етіп сайлаған Тәжіхан Оразбаеваның қабылдауға келу себебі ауладағы балалар ойын алаңын 3 азаматтың автотұраққа айналдырғандығы болып отыр.

Тәжіхан Оразбаева, кондоминуим төрайымы: «Заңсыз пайдаланып отырғанына 11 жыл болды, біреуі 4 жыл, біреуі 15 жыл болды. Жер салығы да төленбейді оған ешқандай заңды шаралар қолданылып жатқан жоқ».

Облыс әкімінің орынбасары көтерілген мәселені өз бақылауына алып, орындалуын сала басшыларына тапсырады.

Болат Әлиев, Облыс әкімінің орынбасары: «Біз оны толыққанды тексеру туралы бас сәулетшіге және жер қатынастары басқармасына тапсырма бердік. Ол тапсырма бойынша белгіленген мерзімде тексеру жұмыстары жүргізіледі».

Сонымен бірге тұрғындардың көтерген заңсыз құрылыстар, медициналық жедел жәрдем қызметі сапасының төмендігі, көшелерді жөндеу секілді мәселелер қатаң бақылауға алынды.

Болат Әлиев, ОҚО әкімінің орынбасары: «Егер жергілікті атқарушы орган немесе аумақтық мемлекеттік органдар өз тарапынан толыққанды сапалы жұмыс атқара алмай жатса, республикалық немесе облыстық мекемелер кірісу керек болса, соның алдын алу үшін біз келіп отырмыз. Біріншіден жергілікті биліктің жұмысына баға беру халықпен жұмыс істеу».

Түркістан қаласында өткен азаматтарды қабылдау кезінде ауыл шаруашылығы, жер мәселесі туралы сауалдар көтерілді. Денсаулығынан айрылған Мөлдір Қожанова да қабылдауға қатысты. Босанғаннан кейін денесі ісіп кеткен қызға 3 рет ота жасалған. Ешқандай жақынына ескертусіз жасалған отадан кейін Мөлдір бала сүю қабілетінен айрылып отыр.

Мөлдір Қожанова, Түркістан қаласының тұрғыны: «Есімді білмей бірден операционныйға барған кезде 3-4 күннен кейін бірақ есімді білдім. Отырып тұруым қиын. Ішектерімді, асқазанымды біраз жерлерін кесіп алып тастаған. Бәрін тігіп тастаған. Сүйектерім ажырап кеткен оны темір ме, бірнәрсе қадап қойған. Сол үшін инвалид қылып тастады мені. Шымкент қаласына жаздым нәтиже болмады. жатырымды, трубамды алып тастаған. Үйдегілердің ешқайсысына айтпаған».

Болат Әлиев, Облыс әкімінің орынбасары: «Субьективті жағдай кейбір лауазымды азаматтардың немқұрайлы қарауы, жөндеп көңіл бөлмейтіндігі жөнінде жергілікті азаматтар шағым айтып жатыр».

Түркістан, Кентау қалаларының тұрғынынан түскен шағымдар түгел бақылауға алынды. Болатбек Әлиев сауалдардың алдағы жұмыс барысында шешімін табатынын айтты.