Орман шаруашылығына 120 мың көшет отырғызылды

"Менің атаулы ағашым" атты акция

Бадам орман және жануарларды қорғау мемлекеттік мекемесі биыл тағы да 120 мың жас көшетпен толықты. Отырғызылған көшеттердің ішінде қылқан жапырақты ағаштар мен жеміс-жидектердің түр-түрі бар. 1962 жылы құрылған мекеменің жалпы аумағының 30 гектарға жуығы баққа арналған. Онда әсіресе қарағаш ағашының тұқымы егіледі.

Мәселен, өткен жылы шаруашылықтың 10 гектар жеріне 9000 дана көшет қондырылса, 270 гектар жерге ағаш тұқымдары егіліпті. Қорық қызметкерлерінің айтуынша, егілген жас өскіндердің 85-95 пайызы өсіп, өнеді екен. Ал орман шаруашылығының штатында жұмыс жасайтын 66 қызметкер оларды суарып, арам шөптерін жұлып, жыл бойына күтім жаcайды.

Алайда, шаруашылыққа жыл сайын жас экологтар да көмекке келеді. «Жасыл жапырақ», «Орманшылар шеруі» атты акциялар аясында экологиялық орталықтағы үйірмелерге және мектеп оқушылары көшеттер қондырып, олардың өсіп өнуіне септігін тигізеді екен.