Орталық саябақта жаңа гүлзардың құрылысы басталды

305

Шымқаланың көркін ажарландыру шарасы жалғасуда. Демалыс орындарының қатары биыл тағы 3 гүлзармен толығады. Орталық саябақтың Тәуке хан даңғылы бойындағы бөлігінде жұмыс басталып кетті. Құрылысқа бөлінген 82 млн. теңгенің жартысы құрылысшылардың есеп шотына түсті.

Мұнда бұрын «Сан Мишель»  мейрамханасы мен гүл сататын павильон  болатын. Коммерциялық нысандар биыл бұзылып, көп жылдар бойы шымкенттіктер мен қала қонақтарының сүйікті  саябағының алаңы кеңеймек. Енді 3 жетіден кейін мұнда гүлзар пайдалануға беріледі.

Ерубай ҚҰРАЛБАЕВ, қалалық ТҮКШ бөлімінің көріктендіру секторының меңгерушісі: «Орталық саябағының бұл бөлігінде гүлдер отырғызылып,  демалуға орындықтар  орнықталады. Сондай-ақ жарықтандыру да қарастырылған. Жазғы аптапта салқын болу мақсатында  жаңаланған су бұрқақы болады. Ал гүлзардың  көпқабатты үй тұсында көлік тұрақтары қарастырылған».

Жаңаланған саябақты тұрғындар да тағатсыздана күтуде. «Жасыл желек неғұрлым көп болса, қоршаған ортаның ауасы да соғұрлым таза болмақ. Серуен құратын жерлерді таңдауға да мүмкіндік болады»,-дейді тұрғындар.

Жас ана: «Демалатын орындар қалада аз. Осындай гүлзарлар көп болса, баламызбен барып серуен құрамыз.Таза ауада жүргенге не жетсін».

Тұрғын: «Өтіп бара жатып, неге төселген плиталарды алып жатыр десем, гүлзар болады екен ғой. Осы жер алдын қараусыз еді, сосын аквасаябағы салынды. Көп ұзамай ол да қаңырап тұрды. Енді міне гүлзар салынып жатыр екен. Қаламыз көріктендірілсе, өзімізге жақсы, таза ауа, жасыл желек болады».

Тұрғын: «Бұл саябақ жас кезіміздің көзі. Осы жерде  демалатын едік. Көріктендіру жұмыстары қолға алынғанына ризамыз. Ағаштарға тимесе болғаны, олардың саясында  шіліңгір шілдеде демалу қандай рахат».

Орталық саябақтан бөлек биыл қалада тағы екі нысан жаңаланбақ. Балалар темір жолының соңғы аялдамасы көріктендіріліп, кішкентайлардың игілігіне берілмек.