Өнерлі оқушылар Отырар ауданында

Байқауды тамашалауға келгендердің қатары көп болды

Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында 18 000 оқушының басын қосқан облыстық өнер байқауы өз мәресіне жетті. Облысымыздың он бес ауданы қатысқан «Өнер құдіреті – мәңгілік» атты фестивальде оқушылар халық өнерінің түрлі жанрлары, оның ішінде қолөнер, дәстүрлі ән мен би,хор, сахналық қойылым, т. б. салалар бойынша сынға түсті.

Оқушылардың шағармашылығын дамытып, талантты балаларды анықтауға арналған байқау бірнеше жылдан бері өткізіледі. Тақырыпқа сай безендірілген сахнада бірінен соң бірі шығып, қорытынды кеште өнерін ортаға салған оқушылар өз ауданында іріктеуден өтіп, ерекше көзге түскендер.

«Бұл байқауға ақпан-сәуір ай аралығында облысымыздағы барлық жалпы білім беретін, «Дарын» мектеп-интернаттары мен кәсіптік лицей оқушылары қатысты. Ал бүгінгі кеште еңбегімен, өнерімен танылған үздіктер ғана өнер көрсетуде. Бұл тек өнер саласында ғана емес, қолөнершілер де сыналды бұл күні»,-деді олимпиадалар өткізу орталығының директоры Бақытжан Ешенқұлов. 

Оңтүстік Қазақстан облыстық  білім басқармасы жанынан мектеп арасында олимпиадалар өткізу орталығының ұйымдастыруымен өткізілген байқауда Шымкент, Түркістан, Кентау, Төлеби қалалары мен аудандар ерекше көзге түссе, 8 аудан жүлделі орыннан көрінді.

Бас жүлдені Отырар аудандық білім бөлімі қанжығасына байлады. Бірінші орынды Мақтаарал ауданы иеленсе, екінші орынды Түлкібас, Арыс, Ордабасы аудықтық білім бөлімдерімен қатар үшінші орынға Бәйдібек, Қазығұрт, Шардара ауданынының таланттары тұрақтады.

Талантты оқушылардың талантын шыңдап, шығармашылыққа баулитын өнер байқауы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі.