1,5 млрд. теңгені бір қолға бере салу дұрыс емес

Кез келген мемлекеттің экономикалық даму дәрежесін және әлеуметтік әуелетін айқындайтын басты көрсеткіш сол ел халқының тұрақты да сапалы жұмыспен қамтылу деңгейі болатындығы белгілі. Ауылды жерлерде бұл мәселе түбегейлі шешімін таппағанымен, шаруалар мен фермерлерді қолдайтын құрылымдар арқылы аз да болса ілгері жылжушылық байқалады.

Оңтүстік Қазақстан облысы микрокредиттік ұйым «Фермерлер мен кәсіпкерлерді қолдау қоры» өзінің құрылған алғашқы күндерінен бастап ауылшаруашылығы дақылдарын өндіруші шаруалар мен фермерлердің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап келеді. Осы қордың төрағасы Раис Қараибрагимов аз шапқылаған жоқ, дауысы жетер жердің барлығына жар салғанымен, кейде дауысы жартастан шыққан жаңғырықтай өзіне келіп жатады.

Ол өзінің қара басының қамымен емес, облыс көлеміндегі диқандар мен шаруа қожалықтарының мүддесін көздеп, сол арқылы біріншіден – елдің экономикасын арттыруға, екіншіден – жұмыссыздықтың жолын кесуге жанталасып жүргенін біреу білсе де, біреулері біле бермес. Әр жылғы Елбасы жолдауынан туындайтын ауылды көтеру, ауылшаруашылығын дамыту жөніндегі міндеттерді жүзеге асыру бағытында қолға алмақ болған жоспарлары кейде іске аспай, тығырыққа тірелетін төрағаны мазалайтын мәселе көп.

Мәселен, Үкіметтің көңіл бөлуімен ұсақ, шағын шаруашылықтар мен жеке қосалқы шаруашылықтардың өндірістік әуелетін тиімді пайдалану мақсатында, олардың өндірген өнімдерін дайындау, өңдеу және сату жолдарын бір жүйеге келтіру, тыңайтқышпен, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, жаңа техникалар сатып әперу, кәсіпкерлерді несие ресурстарымен қамтамасыз ету сияқты шешімін күтер мәселелерімен талай билік өкілдерінің баспалдақтарын басқанымен, нәтиже шамалы. «Жоқ» демейді, «болады» дейді. Бірақ қашан болары тағы белгісіз?

Техника алу жөнінде қоғамдық қор 6 аудандағы бір-бірден ауылшаруашылығы техникаларын алу жөнінде кесте жасаған. Әрбір техниканың құны 4 млн. 500 мың теңге деп белгіленген. Жалпы құны 27 млн. теңге. Ал осы техникалар 33 млн. 600 мың теңгенің өнімін өндіреді. Асыл тұқымды мүйізді ірі қара бордақы алу үшін осы, 6 ауданға 100-150 мал алынсын дейік. Жалпы құны 72 млн. теңгені құрайды.

Олардан түсетін таза табыс163 млн. 200 мың теңге болады екен. Сол сияқты, жылыжай салып, одан түсетін де табыс көрсетілген. 6 ауданға 27000 млн. теңге жылыжай құрылысына бөлінген болса, 162 млн. теңге табыс түсетін көрінеді. Бірақ мұның барлығы әзірге қағаз жүзінде қалып отыр. Себебі мемлекеттен фермерлер мен кәсіпкерлерді қолдау қорына ешқандай қаржы бөлінбеген.

Әйтпесе, осы қор арқылы 1773 жобаға 553,5 млн. теңге жұмсалып, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған қаншама игі істер жүзеге асты. Жаңа технологиялар өндіріске еніп, 5192 жаңа жұмыс орындар ашылды. 5704 адам білімдерін жетілдірді. Осы және өзге де мәселелерді қамтып, биылғы жылы фермерлер мен кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қажет 293,5 млн. теңгені сұрап Р. Қараибрагимов облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың атына бір емес, екінші рет хат жөнелткен.

Сұралып отырған қаржыға 520 фермер мен кәсіпкерлердің жобаларын мақұлдап, нәтижесінде 211 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Хат Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына жолданып, басқарма бастығы Д. Абсаттаровтан төмендегідей жауап келген.

«ОҚО әкімі А. Мызахметовтың атына жазған хатыңызға сәйкес, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысуыңызды ұсынады. «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламаның 2 бағыты шеңберінде ауыл кәсіпкерлері мен өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар мен табысы аз азаматтарға кәсіпкерлік негіздерін ұйымдастыру және қаржыландыру, жеке ісін ашуға немесе кеңейтуге 2012 жылы 1,5 млрд. теңге қаралған. «Шымкент» ӘКК АҚ-ы облыстық МКҰ арасынан ашық конкурс арқылы жеңімпаздарды анықтайды. Осыған орай, «Шымкент» ӘКК АҚ-на ашық конкурсқа қатысу үшін, тиісті құжаттарыңызды тапсырып, қатысуға мүмкіндігіңіз бар». Жауап хатта келіспейтін тұстары баршылық.

2011 жылы қыркүйекте қор жанынан аймақтық Орхуес орталығы құрылды. Орталықтың мақсаты – фермерлер мен кәсіпкерлер арасында мәлімет алмасу, семинар – тренингтер, «дөңгелек үстелдер ұйымдастыру, экология жөнінде пікірлесу, табиғатты қорғау тұрғысында ой бөлісу үшін жағдай туғызу. 15 жылдық тарихы бар қоғамдық қор қандай да бір қайырымды іс – шаралардан тыс қалып көрмепті. Табиғи апаттардан зардап шеккен аймақтарға да қаржылай көмек көрсетіп, барлығы 1790,0 мың теңге қаржы қайрымдылық мақсаттарға жұмсалған екен. Түрлі деңгейдегі 14 банкімен 7 қаржы институттарымен және ОҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен меморандумға отырып, фермерлер мен кәсіпкерлер банктерден несие алуға қол жеткізді.

Ердәулет Тұрапбекұлы

Райс Қараибрагимов, ОҚО бойынша «фермерлер мен кәсіпкерлерді қолдау қоры МКҰ қоғамдық қорының төрағасы

– Менің бір түсінбейтінім, сәуір айында «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Шымкент» ӘКК Ақ-ы облыстағы микрокредиттік мекемелер арасында конкурс өткізді. Онда бір ғана лот бойынша 1,5 млрд. теңгеге жеңімпаз танылды. Мұндай конкурсқа өте ірі микрокредиттік мекеме ғана қатысып, қомақты қаржыны қанжығасына байлай алады. Неге осы 1,5 млрд. теңгені 10 потқа бөліп, 150 миллион теңгеден бірнеше мекеме ұтып алмайды? Меніңше, алдағы кезде «Шымкент» ӘКК АҚ-ы осы мәселені оң шешуге тырысып жатса, тығырықта тұрған бірнеше мекемелерге тиімді болар еді.

 

Артық болмас білгенің…

 Облыс көлемінде 2011 жылы жаңа кәсіпорындардың ашылуы, өндірістің кеңеюі 16080 жаңа жұмыс орындары ашылыпты.

 Кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдерін төмендету бағытына сәйкес несиелердің пайыздық ставкасын субцидиялау бойынша 17 жобаға 275,2 млн. субцидия бөлінген.

 «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында 95 жобаға қолдау көрсетілсе, аталған бағдарлама бойынша ОҚО республикада алдыңғы орынға шықты.

 «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылымы (теміржолдан басқа) толығымен аяқталды. Өткен жылы мұнда кашемир тоқыма өнімдерін шығаратын кәсіпорын іске қосылды.

 Сауда – логистикалық орталығын ұйымдастыру үшін Шымкент қаласының аэропорт маңынан 72 га жер бөлінді. Оның аумағын келешекте 150 гектарға жеткізу жоспарланған.

 Тамшылатып суару технологиясы 7613 гектар жерге ендіріліп, жалпы көлемі 14,8 мың гектарға жетті. Бұл республикалық көрсеткіштің 70%-ын құрайды.

Өткен жылы облысымызда 371 гектар жерге жылыжай орналастырылса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 171 гектар болатын. Ал биылғы жылы жылыжай көлемі тағы артары даусыз.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша облыстық шаруа қожалықтары мен фермерлері асылтұқымды 4,6 мың бас мал алуға қол жеткізді.

 ОҚО Микрокредиттік ұйым «Фермерлер мен кәсіпкерлерді қолдау қоры»

8(7252) 96-82-43

8(7252) 53-76-78