Оқу жылының соңында мектептің жөндеу жұмыстарына оқушылардан ақша жинауға тыйым салынады. Ата аналарға алақан жайып, ақша талап ететіндер анықталса, тікелей жауап беретіні туралы мектеп директорлары мен қалалық білім бөлімінің бастығы Жанат Тәжиева қатысқан штаб жиналысында қала әкімінің орынбасары Баһадыр Нарымбетов мәлімдеді.
Мемлекеттік бюджеттен мектептерді ағымдағы жөндеу жұмыстарына биыл 167 млн. 103 мың теңге бөлінсе, әр мектептың еншісіне 1,5 – 2 млн. теңге тиеді екен.
Сонымен қатар Баһадыр Нарымбетов оның қабылдауына келушілердің дені мектепте ақша жинауға қатысты шағымданадатынын айтты.
«Пердеге 500 теңге, тақтаға 400 теңге, т.б. акша жинағанды қойыңыздар. Мектептің бір шегесіне деп қаржы жиналмайтын болсын. Мұнсыз мектепті жабдықтай алмайсыздар ма? Жетпесе айтыңыздар. Мемлекеттің шамасы жетеді»,- деді өз сөзінде қала әкімінің орынбасары.
Алайда жиналыста ешбір мектептің директоры өз ұсынысын немесе өтінішін білдірмеді. Егер мұндай жағдайлар тіркеліп, анықталатын болса, мектеп директоры мен ұстаздар тікелей жауап беретінін жөнінде ескертілді.