Қазақ қоғамында «көгілдірлер» көбейіп барады

846
Сурет өзге сайттан алынды

Ел болып, игі дәстүрімізді жаңғыртуға мүмкіндік алып, етек жеңімізді енді жия бастаған тұста батыстың тастанда мәдениетіне жерік болған жастардың, тіпті орта жастағы ақыл тоқтатқан азаматтардың кейбірі айтуға ауызың бармайтын ұятсыз әрекеттерді шімірікпестен жасайтынды шығарды.

Ақша сабанның молдығы мен бес күн жалғанды мүмкіндігінше «кәйіп» қып өткізуге бейіл батыстық өмір салтына қызығушылар күннен- күнге көбейіп бара жатқанын қайтіп жасырарсың. Зиялы қауым қауіпті шекке жете бастадық деп жан дауысы шығып шырыл қағады әркез. Десе де соңғы он жылда қазақ атын білмейтін, ислами түсінікке жат дүниетанымдар мен іс-әрекеттер болмысымызға өңмендеп кіріп, өркен жайып, қаладан қалаға, даладан далаға тарауда.

Әу бастан әдепсіздігімен, тағылығымен талайды таңдандырған, қазірде ештеңе болмағандай сонысын мойындағысы келмейтін менменсінген Еуропа рухани, мәдени жұтаудың шарықтау шегінде тұр. Сол батыстың мәдениеттілігін ах ұрып айтуға әуес еуроцентристік ниеттегі халықтар болса тиісінше бейәдеп моральді ту етіп көтеруде. Бір жынысты махаббатты заңдастырып, неке қиюға дейін рұқсат берген Ұлыбритания, Нидерланды секілді елдерден «тәрбие», «үлгі» алуға әуес қазақ елінде де сондай құбылыстар ақырғы кездері көптеп көрініс бере бастады. Қойшы, не көрмеген елміз десек те әйел затынан жерініп, жан қалауын, тән ләззатын еркектен тапқан еркектердің қарадомалақ қазақ балаларының арасынан да жиі кезіге бастауы жаныңды ауыртады.

Таяуда Шымкенттік гейлердің жиналатын ордасына бас сұғып, сонда отырған дәстүрлі емес сексуалды бағыттағы бірнеше жігіттерге жолығып, атын, жұмыс орынын, кім екенін атамауға ант-су ішіп уәде беріп, бір-екеуін сөзге тартқан болатынбыз. Гей деген әлеуметтік азшылық топтың мүшесіне айналған Қайрат (өтініші бойынша атын өзгертіп беріп отырмыз) мамандығы бойынша экономист екен. Беделді бір банкте жұмыс істейді. Ауылдан шыққан, ата-әженің тәрбиесін көріп-ақ өскен қазақы жігіт. Жасы 28-де. Айтуынша мектеп жасында жүрген кезде-ақ қыз баласына ғашық болып көрмепті. Өсе келе мүлде қыз-қырқынға қарауды қойған. Достық қатынастан әріге бармаса керек. Қайраттан көгілдірлер неліктен көбейіп барады, не үшін бұл жолға түсуде деген сұрақ қойдық. Оның түсіндіруінше қыздарымыз қазір кез келген жерде, кез келген уақытта ақшаға сатып ала беретін қолжетімді «бұйымға» айналыпты. Тиым салынған жеміс тәттінің тәттісі дейтін тәмсіл ескіріпті-міс. Сосын қадірі кеткен. Әркез жаңаны тануға құмбыл келетін жастар, әсіресе қала жастары жаңа ләззат іздейтін көрінеді. Тағы бір себепті әйел затының еркекшора бола бастауымен байланыстырды. Әйелдердің қоғамда күші артып, нәзікжандылықтан айырыла бастаған.

«Қанатыңның астына алып қорғаштап жүретін қыз таппайсың қазір» дейді гей жігіт. Ал еркектер болса керісінше әдеміленіп, күтімін арттырып, талғаммен киініп, жалпы айтқанда тердің иісі шыққан, одыраңдап жүретін, не болса соны үстіне іле салып, намысқа салып төбелесе кететін баяғының «жабайы» жігіттері азая бастапты.

Қайраттың туыстары да мұның қызтеке екеніне еттері үйренейін деген. Басында қарсылық көрсетіп баққанымен, ол әрекеттерінен ештеңе шықпасын білген соң іштен шыққан шұбар жыландарын өлтіре ме. Амал жоқ, баласының сүйекке таңба боларлық әрекетін жақтырмаса да жамандыққа, қиянатқа қимапты. «Леша есімді досым әрдайым жаңа «жігітпен» жүрген сайын үйіне ертіп апарып, ата-анасымен таныстырып тұрады» – дейді ол.

Ал Қайраттың өзінің тұрақты серігі жоқ. Қажет етпеймін дейді. «Кейде үйленіп, балалы болғым келеді, бірақ баспанам жоқ, бір шетінен жанұялы бола қалсам тапқан табысым олардың нәпақасына жетпейтін секілді. Әлі де болса өмірдің қызығына тойып, жақсылап «қыдырып» та үлгермедім, бір серікке тоқтап, сонымен бірге отау құратындай әзірге ойым да жоқ. Шымкентте сұлу жігіттер тола ғой», – деп күліп қояды пақырымыз.

Өздерінің айтуларынша негізінен гейлердің танысуына арналған интернет сайттар арқылы, қаладағы көпшілік біле бермейтін гей-клубтарда, отырыстарда, тіпті жұмыс барысында да танысып жатады екен. Балықшы балықшыны алыстан таниды дегендей, бұлар да бірін-бірі көзқарастарынан-ақ тани кетеді.

Елімізде бір жынысты некеге ресми түрде қарсылықтың барына қарамастан гейлер өзара қоғамнан жасырын түрде некеге тұрып, отау құра бастаған. Айтуға ауызың бармайтын тағы бір нәрсе, әлгіндей отбасында олардың бірі күйеуі, екіншісі әйелі ретінде өзара шендерін бөлісіп алатындығы. Қайраттың осындай «ерлі-зайыпты» бір танысы тіпті бала да асырап алыпты. Айтуынша баланың пешенесі бестен екен. «Тастанды байғұс зиялы отбасында өсіп келе жатыр»-деп достарының ісіне масаттанып қоятынын қайтерсің.

Қайратпен сөйлесе отырып, қоғамдағы ащы бір шындықты да естідік. Сөз арасында «Гейлердің ішінде интеллектуалды жағынан жоғары дәрежеге көтерілген білімді, әдепті, зиялы жігіттер көп. Және көбісі жалғызбасты аналардың отбасында өскендер. Ал ондайлар өте жараланғыш, нәзік, байқампаз, кішіпейіл болып жетіледі», – деп қалды.

Расымен де солай екеніне шүбә келтіре қою қиын. Себебі бала кімнің және қандай ортада өскеніне қарай психологиясының да соған бейімделіп кететінін ғалымдар үнемі айтып келеді. Ал біздің елде жалғызбасты аналардың санынан жаңылатын деңгейге жеткеніміз өтірік емес. Сосын барып әкенің айқайын, қас-қабағын, еркектік тәрбиесін көрмеген бала қызтекелеу болып өспегенде қайтсін.

Сұхбат соңында Қайрат халыққа бір екі ауыз арнауымды жеткізе барыңызшы деп өтінді. Арнауының түрі мынау: «Басқа адам болу – әдептен аттап, нашар пендеге айналу емес. Мен және мен сияқтылар басқа бір «діннің» басқаша түсініктегі адамдарымыз. Әркім өзінің таңдаған құдайына жалбарынуға хақысы бар. Біреу мұсылман, біреу христиан, енді бірі иудей. Бір адам қызды сүйеді, бірі жігітті ұнатады. Онда тұрған ештеңе жоқ. Көзқарастар тұрғысынан келгенде «отсталый» болмай бір-бірімізді силайықшы. Өз-өздеріңізді дамытып, ой еркіндігін, өмір сүру еркіндігіне ұмтылыңыздаршы!».

Қапияда құдай ұрып, еркектік көзқарастан, еркектік сезімнен айырылып қалған замандасымыздың мына сөздеріне қарап не аярымызды, не ұрсып, ақыл айтарымызды білмей қаңтарылып қалдық. Оларды мінеу үшін, қатесін бетіне басу үшін бармағанымыз еске түсіп, тыныш қана қоштасып шығып кеттік.

Бүгіндері гендерлік саясатты желеу етіп, қоғамдағы әртүрлі әлсіз және азшылық топтардың жоғын жоқтаймыз, сөзін сөйлеп, құқығын қорғаймыз деп алаөкпе боп алысып жүргендер жетерлік. Оның ұлтқа, менталитетке қаншалықты әсер ететіні туралы әңгімелер мінберлерден талай айтылып, талай мақалалар баспасөзде жарық көрді. Дегенмен, гендерлік саясаттың қазақтың ұлттық менталитетіне жат екенін, бізге таңылып отырған еуропалық гендерлік саясаттың өз ареалында өкінішті нәтижелерге соқтырып отырғанын, оның жемісі – Еуропа халқының көбею орнына азайып бара жатқанын айтып дабыл көтеретіндер көп-ақ. Көп қателеспейді деген даналықты басшылыққа алсақ, отбасы мәселесінде ұлттық дүниетанымға көшпей, еркек пен әйелдің қоғамдағы және отбасыдағы өзіндік орындарын шегелеп, сол бағытта жылжып, ресми заңнаманы сол бағытта өзгертуді қолға алмасақ, біз де дәл сондай өкінішті нәтижелерге душар болуымыз бек мүмкін. Бұл бір біздің емес, небір қасқабас ақылмандардың айтқан пікірі.

Жоғарыда әңгіме болған гейлер де гендерлік теңдіктің бір пұшпағын өздеріне пайдаланғысы келетінін байқамау мүмкін емес. Әл әзір оларға қатысты заңымыз қарсылық көрсетуде. Дегенмен жаннан намыс артық дейтін қазекемнің арасында да көгілдірлері баршылық екен. Тіпті көбейіп барады. Олар өздерін аурумыз деп те, кемшінбіз деп те ойламайды. Тек кейбірлері өздерін Алланың алдында «күнаһармыз» деп ойлайды. Онысына да шүкір. Жас мөлшеріне бөлсек, қазақ «гейлерінің» 90 пайызы 20-25 жас арасында. Гейлердің негізгі шоғырланған мекені – Атырау, Ақтөбе, Астана, Шымкент, Алматы, Өскемен, Қызылорда қалалары дейді ресми емес ақпарат. Араларында жауапты қызметтегісі де, білімді, мәдениетті шенеуніктер де жетерлік. Бұл әлемнің тек қана «еркек+еркек» форматындағы махаббатты аңсайтындарынан басқа, бізден айырмасы жоқ. Ішінде алаяқтары, жезөкшелері, текті отбасыдан шыққандары, арсыздары мен сұраншақтары да жетерлік.

P.S. Кәдуілгі адамдардан пәлендей айырмашылығы болмаса да бір жынысты махаббаттың жақсылыққа апармасы бесенеден белгілі. Осындай азғындалған құбылыстың кесірінен опат болған Содом мен Гоморраның, Помпейдің тағдырын ұмытпауымыз керек. Алайда біздің мақсат – көгілдірлерді соттау, сынау, мінеу, әшкерелеу емес. Керісінше қоғамда бар осы мәселені жылы жауып тастамай, бұлар кімдер және қоғам үшін, тәлім-тәрбие үшін, ең ақырығысында ұлттық бейнемізге қаншалықты қауіпті екенін зерделеу. Қауіпті болса одан арылудың жолы қайсы деген сұраққа жауап іздеу. Әзірге көкейде сұрақ көп болғанымен, мардымды жауап таба қою қиын. Себебі демократиялы ұстанымға бекіген соң адамдардың да көзқарасы, пікірі әрқилы болып тұр. Әйтеуір ұлт бетіне салық болатындай ұтсыздықтардан құдай өзі сақтағай деп тілейміз.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ.