Кентауда қордаланған мәселелер көп

274
Кентау қаласының әкімі Бақытбек Байсалов

Шағын қалалар тізіміне енген Кентау қаласының әкімі алты айға қорытынды жасады. Атқарылған жұмыстар бар деп есеп берген әкімнің жұмысы облыс басшыларының көңілінен шықпады. Қыстың көзі қырауда апатқа ұшырап, кентаулықтарды жауратқан жылу энерго орталығының сол кезде алған қарыздары әлі күнге дейін қайтарылмапты.

Кентау биыл жаурамайды. Қысқа дайындықты пысықтап жатырмыз. Қазандықтар халықты өзіне қаратпайды деп ағынан жарылған жаңа әкім алғашқы есебін берді. Бірақ, сол апат кезінде кәсіпкерлерден алынған қарыз әлі күнге дейін қайтарылмапты.

Елбасының «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша берілген тапсырмалар да орындалмаған. Игерілмей қалған қаржылары тағы бар. Кентауды артқа тартқан дәл осы әлеуметтік бағдарламалар бөлімі болды. Бөлім басшысына облыс әкімінің өзі қатаң сөгіс берді.

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Кемшіліктеріңізді басқарма бастығы, қала әкімі айтып отыр. Кентауда жұмыспен қамту бағдарламасы орындалмаған. Үнемі сіздің бөліміңіздің мәселесін көтеріп келеміз. Мойындау керек, жұмыс істей алмасаңыздар орынды ұстап отырудың қажеті шамалы. Тым болмағанда адам баласында намыс болу керек».

Кентау өндірістік қала болғанымен, егістікпен айналысатын қарамағында 4 ауыл-округтері бар. Десе де, ауылшаруашылығы бойынша 630 гектар жер игерілмей жатыр. Бос жатқан жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару тапсырылды. Ал облыс әкімінің орынбасары Болат Алиев бұл жерлерді өңіріміздегі өзге аудандарға беруді ұсынып отыр.

Болат Әлиев, облыс әкімінің орынбасары: «Мақтарал, Сайрам секілді аудандарда жер жетпейді. Мүмкін ауылшаруашылығымен айналысамын  деген кәсіпкерлерді сонда апару керек деп ойлаймын. Кентау игере алмаған жерді солар игерсін».

Бәрі жаман емес, кентаулықтар тәулігіне 24 сағат ауызсуға қол жеткізіпті. Ақбұлақ бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар нәтиже берген. Ал Ана мен бала өлімі тіркелмеген. Жиын соңында шағын қаланы одан әрі дамыту, қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жүргізілсін деген тапсырма берілді.