Оңтүстік халқы қаржысын теңгемен жинауға көшті

Оңтүстіктің тұрғындары басқа валютаға қарағанда ұлттық теңгемізді артық көреді. Өйткені, төл теңгеміз дәл қазіргі таңда тұрақтылығымен бағалануда. Сондықтан жерлестеріміз жиған-тергенін теңгемен сақтауға көшкен.

Сұрау салған қала тұрғындарының көпшілігі осындай пікірде екенін айтты. Олар: «Ақшаны теңгемен жинаған дұрыс сияқты. Өйткені, Еуро да, Доллар да бірде көтеріледі, бірде төмендейді. Сенім жоқ!», – деді. Валюта айырбастау бекеттерінің де қатқан жауабы осы іспеттес. Соңғы кездері, бұл орындарда АҚШ долларын, төл теңгемізге айырбастаушылар көбейген.

Осылайша, Шымкенттегі жұртшылықтың «мани-маниге» деген «тәбетін» аңғарып тұрғанымызда ақша айырбастау орнына шаһар тұрғыны Бота Қожамұратова келді. Ол бірнеше уақыттан бері жинап-сақтаған Еуросын теңгеге айналдырмақ екен. Оның бұл ақылын жұбайы да қолдаған.  Өйткені, ерлі-зайыптыларды, Еуропаның қазіргі экономикалық ахуалы алаңдатады екен.

Осы жылдың екінші тоқсанында АҚШ долларының орташа бағамы көтеріліп, былтырғымен салыстырғанда 0,11 сатыға артты. Осы аралықта, керісінше, еуро мен ресей рублінің құны айтарлықтай төмендеп кетті.

Гүлнар ЖАҚАНОВА, Ұлттық банкінің облыстық филиалының бас маманы, экономист: «Шілде айында да бұл құбылыс өзгерген жоқ. Еуро мен Ресейлік рубль төмендей түсті. Бірінші тоқсанмен салыстырғанда Еуро 6 пайызға, Ресейлік рубль 23 пайызға кем шықты. Олардың бүгінгі таңдағы бағамдары Еуро -183,65-ті, ал рубль 4,64 теңгені құрайды».

Теңгеге келетін қауіп жоқ. Осылай деп Ұлттық банктің төрағасы Григорий Марченко да қазақстандықтардың көңілін бір демдеді. Бас қаржыгердің пайымынша, таяу арада елдегі валюта нарқы өзгермейді. Республикадан экспортталатын мұнай мен металл, сондай-ақ, астық бағасы қымбаттап кетпесе, төл теңгеміздің де тағдыры тұрақты болады.

Григорий МАРЧЕНКО, Ұлттық Банктің төрағасы: «Әлемдегі валюталар қаржылық қыспаққа түсіп, күніне бірнеше рет ауытқығанда біздің төл теңге өзінің тұрақтылығын сақтап қала алды. Мен мұны АҚШ-тағы несие алушылардың рейтінгі төмен түсіп кеткенімен, және Еуроаймақтағы ақша қарызы туралы мәселенің ушығып кетуімен түсіндіріп отырмын. Осы құбылыстар төл ақшамызға ықпал етуге тырысты. Алайда, оның құны түсіп кетуіне әсер ете алған жоқ».

Саяси шешімдер институты берген мәліметке жүгінсек, республика халқының 14 пайызы жинақ қорын АҚШ долларымен сақтайды екен. 4 пайызы жылжымайтын мүлік ретінде ұстап отыр. Соңғы кездері алтынға да сұраныстың көбейіп бара жатқанынан мамандар хабардар. Осыған қарамастан елдегі сарапшылар көп жұрттың қаржысын теңге түрінде сақтайтынын нақтылап отыр. Әрі бұл дұрыс шешім дейді олар.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=Eo7l7tdGcDI[/youtube]