Шымкенттегі дендробаққа аққулар әкелінді

513

Аққуды қазақ халқы ежелден қастерлеп, бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, пәктіктің белгісі деп есептейді. Әрі киелі құс төресі санап, елімізде қорғауға алынған. Табиғаттың аса сұлу, кербез бұл кереметін енді қаламыздағы Дендросаябақтың су айдынынан көруге болады. Серуендеушілер құстың әр түрлі қимылы мен іс-әрекетінен эстетикалық әсер алып қайтуда. 

Әсіресе, жасөспірімдер оны көріп, шаттана қуанып, мәз-мейрам болады. Қазтәрізділер тобына жататын аққудың салмағы 5-10 кг-ды құрап, қанатының ұзындығы 150-180 см-ге дейін өседі екен. Тіршілігінің көп уақытын суда жұп құрып өткізеді, жақсы жүзеді, бірақ сүңги алмайды. Дендросаябаққа аққулар алғаш рет алдырылып отыр.

Мұхит Отаршиев, Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы: «Арнайы қорықтан 4 аққу, 8 дала үйрегін, 3 дала қазын алып келіп, Дендросаябақтағы өзіміздің көлге жіберіп отырмыз. Серуендеушілеріміздің көздеріне әдемі көрік беріп тұратындай жасалып жатқан шара. Құстар күзге дейін осыкөлде мекендеп, қонақтарды қуантады деп сенеміз. Бұл облыс әкімі А.Исабекұлының тапсырмасымен жасалуда».

Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағында бұған дейін 10 қаз, 16 үйрек 4 балапандарымен бар еді. Қазіргі таңда арнайы өсірілген қорықтан 4 аққу, 8 дала үйрегі 4 балапанымен және 3 дала қазы әкелінді. Оларды арнайы маман қарайтын болады. Қазақтар киелі құс санаған аққудың бір ерекшелігі жұптарын өлгенше жазбайды екен. Сол себепті халқымыз «Махаббаттарың айдында жүзген қос аққудай болсын» -деген дана сөздер қалдырған.

Рауан Мейірбеков, қала тұрғыны: «Бүгін міне дендросаябақтан аққулардың, қаз-үйректердің жүзіп жүргенін өз көзіммен көрдім. Өте жақсы екен».

Хадиша Сапарбаева, Мақтарал ауданының тұрғыны: «Біз арнайы Мақтарал ауданынан келдік. Немерелерімді әкелдім. Дендросаябақты араладық. Өте жақсы. Аққуларды көрдік. Өте сүйкімді, көңілдіміз. Осы ұйымдастырған облыс әкімшілігіне рақмет».

Аққулар – өте ақылды құс. Олар адамдардың қайсысы мейірімді, кімнің қатігез екенін айыра алады. Талғампаз, тәкәппар қанатты болғандықтан мамандар – тамашалауға келген тұрғындардың оларға жем лақтырып немесе үркітіп мазаламауын сұранып отыр. Қазақ халқы тазалық пен сұлулықтың символы ретінде қарайтын аққу өзінің ұясын кез келген көлдерге сала бермейді.