Дендробақтағы жануарлар зообаққа қайтарылды

445

Мәуелі бақтан мән кетті. Шымкент дендробағындағы жануарлар зообаққа қайтарылатын болды. ОҚО табиғат қорғау прокуратурасы бүгін осындай шешім шығарды. Бақтағы керемет көрініс көпке ұзамады. Шымкент дендробағының көркін арттырған мына жануарларды енді мұнда келушілер тамашалай алмайтын болды. ОҚО табиғат қорғау прокуратурасының шешімімен тұяқты аңдар зообаққа қайтарылады.

Қадағалаушы орган өкілдері дендробақтағы кафенің жабылуына да шүйліккен болатын. Бірақ райларынан қайтқан секілді.

Ердос Найманбаев, ОҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының көмекшісі: «Дендробақтағы кафені қалдыру туралы шешім қабылданған. Тек бір шартпен, Шымкент дендробағындағы кафеде спиртті ішімдіктер сатылмауы тиіс.»

Ал дендробақтағы өзге де заңбұзушылыққа прокурорлар жұмсақтық танытпады. Жылыту қазандықтары мен таза ауаны ластау фактілері бойынша бірқатар заңбұзушылықтар үшін дендробақ 709 мың 834 теңге көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр.