Ұн қашан арзандайды?

Оңтүстік Қазақстан облысында ұн бағасы қымбаттады. Шымкенттің базарларында бұл өнім бірден мың теңгеге көтеріліп, қазір 3,5-4 мың теңгеден сатылып жатыр. Шілденің соңында Шымкенттің базарларында жоғары сұрыпты ұнның қабы екі жарым мың теңге тұратын. Ал өткен аптада қабы 2700 теңгеден сатылып жатқан ұн бүгіндері Шымкенттің базарларында 3,5-4 мың теңгеге бір-ақ көтерілді.

Гүлзира Балықбаева есімді сатушы «Біз үстіне 100 теңге ғана қоямыз. Өзіміз қымбат сатып жатқан жоқпыз ғой, бізге қымбат әкеледі»,-дейді. Ұн бағасының бұлайша қымбаттауына елдің солтүстік аймақтарындағы қуаңшылық себеп көрінеді. Әйтсе де, Қазақстанның қамбаларында 10 млн. тоннадан астам астық жатқанын ескерсек бұл қымбаттау қисынға келмейтіндей. Шымкент қаласының тұрғыны Бердияр Сарыпбеков «Ұн 3,5-4 мыңға дейін көтеріліп кетті. Бес балам бар. Қалай асыраймыз оларды? Қашан түседі ұн бағасы? Мақұл, біз арба итеріп ақша тапсақ та бірдеңе қылармыз, бес баланы далада қалдырмаймыз. Нан таппай отырған адамдар бар, олар қалай күн көреді?», – деп жыларман болуда.

Бір ғана Шымкент қаласының күн сайынғы ұнға деген сұранысы 50 тоннаны құрайды екен. Бағаны тұрақтандыру үшін өңірдегі арнайы қордан күн сайын осыншама жоғары сұрыпты ұн арзандатылған бағамен арнайы әлеуметтік дүкендерде сату жоспарланып отыр. Шымкент қаласының кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы Жангелді Мақашев «Әлеуметтік дүкендерге біз әр қабы 2500 теңгелік бірінші сұрыпты ұнды таратамыз. Сол бағамен халыққа беріледі»,-дегенді айтады. Бұл шара келесі аптаның басында іске асырылмақ. Айта кетейік, ұнның қымбаттауынан шілде айының соңында Шымкенттегі бірнеше наубайхана жұмысын тоқтатқан болатын.

Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

Арзан ұн алғыңыз келсе!

Шымкент қаласы әкімдігінің тапсырмасымен «Шахан», «Возрождение», «Спутник», «Мереке», «Арай», «Жаңалық», «Хансұлтан», «Жейхун», «Баян Сұлу», «Заңғар», «Доня», «Фиркан» және «Атамекен» ЖШС-не қарасты әлеуметтік дүкендерде І сұрыпты ұнның 1 килограммы 50 теңге жеңілдетілген бағамен қала тұрғындарына ұсынылады. Анықтама алу үшін: Тыныбаев көшесі 49,Шымкент қаласы кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөліміне хабарласуға болады. Байланыс телефоны: 53-74-36, 53-74-04.