745 мың теңге айыппұл өндірілді

Мемлекет шекарасы кедендік бақылаудан басталатыны белгілі. Елімізге өзге елден қадам басқан адамды ең алғаш қарсы алып, толық рәсімдеуден өткізетін кедендік бақылау қызметкерлері. Бұл адамдардың өз ісіне жауапкершілігінен ішкі мәдениеті мен әдебі танылады. Сырттан келген әрбір азамат сыншы екені белгілі. Олар кеден қызметіне қарап-ақ елдің экономикалық әлеуетіне, даму тынысына баға береді. Сондықтан да бүгіндері кедендік қызмет көрсету мәселесіне мықтап көңіл бөлінуде. Кедендік рәсімдеу, сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында күн сайын қыруар жұмыстар атқарылады.

Елбасының биылғы халыққа Жолдауында негізгі он басымдық бойынша шараларды жүзеге асыру белгіленген. Бұларға кеденшілер тарапынан да қосылар үлес қомақты. Қазіргі уақытта кеден бекеттері соңғы үлгідегі халықаралық стандарттарға сай, заманауи техникалармен жабдықталған. Өзбекстан Республикасымен көршілес Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің «Жібек-Жолы» кеден бекетінде сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін барлық жағдайлар жасалған.

Кеден бекеті тәулік бойы жұмыс жасайды. Үстіміздегі жылдың 6 айында кеден бекеті арқылы Қазақстаннан Өзбекстанға, Өзбекстаннан Қазақстанға 1 млн. 200-ге жуық жолаушылар өткен. Кедендік бақылаудың техникалық кұралдарын сапалы пайдалану арқылы контрабандалық тауарларды, кедендік заңнаманы бұзу фактілерін айқындаудың тиімділігі еселеп артты. Әсіресе, эко­номикаға елеулі залал келтіретін контрабандалық тауарлар­ды, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін есірткі заттардың және діни экстремистік, террористік мағынадағы материалдардың кон­тра­бандалық фактілерін айқын­дау, жолын кесу жұмыстарын жүргізуге көп көңіл бөлінуде. Үстіміздегі жылдың 6 айында кедендік заңнаманы бұзу фактісі бойынша 86 әкімшілік іс жүргізіліп, нәтижесінде 745 мың теңге көлемінде айыппұл өндірілді. Бұл да кеденшілердің өздеріне тапсырылған міндеттерді абыроймен атқарып отырғанын көрсетсе керек.

Бикелді Махажанов, 
«Жібек-Жолы» кеден бекеті  бастығының орынбасары