Шымкентте логистикалық көтерме сауда орталығы жұмысын бастады

466

Шымкенттегі Ақназархан  мен Төле Би көшелерінің қиылысында  логистикалық сауда орталығы  жұмысын бастады. Ол азық түлік тауарларының бағасын тұрақтандырып, отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында ашылып отыр. Мұнда өнімдер құны өзге сауда нүктелеріне қарағанда 20-25 пайызға арзан. Орталықта 1 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр.

«Санжар» қоймасы аумағында логистикалық көтерме сауда орталығын ашу арқылы жергілікті билік азық-түлік бағасын тұрақтандырмақ. Бұл жоба «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асады. Қазынадан 7 жылға 200 млн несие бөлінген. 3 гектар аумақта орналасқан сауда орталықтарында азық түлік тауарлары делдалсыз өндірушілердің қойған бағасымен саудаланады.

Айнұр Төлегенов, сатушы: «5 жыл болды «Шымкентқұс» ЖШС  -мен келісім шарт негізінде жұмыс істеп келемін. Баға өндірушінікі-6 теңгеден 14 теңгеге дейін санатына қарай іріктелген».

Осылайша, отандық тауарларды өткізу жолға қойылады.Орталық сөрелерінде құс етінен бастап күнделікті тұтынатын азық түліктің сан алуан түрі бар.

Манарбек Әлиев, логистикалық көтерме сауда орталығының директоры: «Бұл орталықтың ерекшелігі, мұнда «с первых рук» өндіруші  тікелей осы сауда орындарында өз өнімдерін сатады. Баға базардағыдан 25-30 пайызға арзан».

Сату алаңының бағасы да белгіленіп қойған. 1 текше метрі-1500 теңге.Қыркүйек айында мұнда жергілікті шаруа қожалықтарының ауыл шрауашылық және ет өнімдері сатылмақшы. Әзірге орталық сағат 8-ден түнгі 12 ге дейін жұмыс істейді, ал қазан айынан бастап тәулік бойы қызмет көрсетуге көшеді. Мұнда 1 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Жұмыссыздық қыспаққа алып тұрған шақта бұл жақсы қолдау дейді қала тұрғындары.

Бердібек Аяпов, қала тұрғыны: «Халықтан естідік осындай орталық ашылғанын. Қуанып жатырмыз. Барлық туыстарыма, таныстарыма айтамын».

Орталықта тауар айналымы үздіксіз жүргізілуі үшін теміржол дәлізі, 3 мың тонналы мұздатқышы бар қойма да қарастырылған. Сондықтан өз өнімін сатамын деген шаруа қожалықтары мен кәсіпорын басшылары тауардың сапалы сақталатынына күмәнданбаса болады дейді жетекшілер.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=AnteV1Za81Q[/youtube]