Әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастады

Еңбекші ауданына қарасты әлеуметтік нысандарға жылу 23 қазаннан бастап беріле бастады
Еңбекші ауданына қарасты әлеуметтік нысандарға жылу 23 қазаннан бастап беріле бастады

Шымкенттегі Еңбекші ауданына қарасты әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастады. Еңбекші аудандық әкімдігінің қызметкерлері арнамыздың түсіру тобымен бірге білім ошақтарындағы жылы сыныптарды аралады. Жылуға алғашқы болып қосылғандардың бірі «Теріскей» шағынауданында орналасқан №46 мектеп. Ондағы балаларға жылу қазан айының 23-і күні-ақ беріліп қойды. Сондықтан білім ордасындағы жылу көрсеткіші қазір 23 градус жылылықтан кем емес.

Еңбекші ауданына қаладағы 28 мектеп қараса, соның 6-уы жеке жүйеден жылу алады. Ал орталық жылу жүйесіне бүгінге дейін 9 білім ошағы қосылған. Қалған 13 білім ошағы 1 қарашаға дейін орталық жылу жүйесіне бітуі тиіс. Әкімдік мерзімді уақытқа дейін балабақшалар мен денсаулық сақтау мекемелері 100 пайыз орталық жылуға қосылатынын айтады.

Алексендр МАЛАХОВ, Еңбекші аудандық әкімдігінің бөлім маманы: «Негізінен жылуға қала 1 қарашадан бастап қосылуы тиіс. Бірақ біздер қала әкімінің қаулысы бойынша әлеуметтік нысандарға жылу беруді бастап жібердік. Қазір орталық жүйеге қосылмаған мектептер мен балабақшалар жалғану үстінде. Былтыр жылу құбырларының жарылып кетуіне байланысты бірнеше мектепке дер кезінде жылу берілмей қалған болатын. Биыл, әзірге, әкімдікке құбыр жарылды деген хабарлама келіп түскен жоқ. Сондықтан биылғы қыстан қысылмай шығамыз деп ойлаймын».

Мамандар көпқабатты үйлердің жылу құбырларына қазір судың жіберіліп жатқанын айтады. Тиісті іс біткен соң пәтерлердің де жылынатын күні алыс емес деп сендіреді олар.