Екпенің де екі ұшы болады

Мәселен, біздің елде балаға салатын екпеден бас тартып жатқан ата-аналар көп
Балаға салатын екпеден бас тартып жатқан ата-аналар көп

Соңғы жылдары екпе егудің арқасында жаһанда 20-дан аса қатерлі ауру ауыздықталыпты. Бірақ осы иммундау мәселесі қазір қоғамда қызу талқыға түсіп отыр. Мәселен, біздің елде балаға салатын екпеден бас тартып жатқан ата-аналар көп. Дәрігерлер емханадағы жұмысын қойып, вакцина салдырудың пайдасын насихаттауға көшкен.

Екпе егіп, түрлі аурулардан сақтанудың тарихы тереңде жатыр. 1787 жылы шотландиялық хирург Эдвард Дженнер өз тәжірибесінде сиырға екпе жасап, оны оспа ауруынан сақтаған. Содан бері тәжірибе жандана түсіп, адамдарға да сынақ жүргізіле бастады. Қауіпті дерттердің алдын алу мақсатында әлемнің өзге де шипагерлері ат салысып, ақыры вакцина деген «сиқырлы» дәріні ойлап тапты.

Иммундау бұл күндері педиатрия саласының күрделі мәселесіне айналған. Жас ағзаны түрлі дерттерден қорғау үшін, бала 6 жасқа толғанша кезең-кезеңімен екпе алып отырады. Бірақ соңғы үш жылдың көлемінде бауыр еті баласына екпе жасатудан бас тартып отырған ата-аналардың саны артып отыр. Оларды алаңдататыны – екпеден кейінгі асқынулар. Әрине мұндай жағдайда дәрігер балаға ата-анасының келісімінсіз ешқандай екпе жасай алмайды.Тек «вакцинадан өз еркіммен бас тартамын» деген тілхат жазып берсе болғаны. Мұндай тілхаттар әрбір емхананың мұрағатында бума-бума күйінде сақтаулы.

Осылайша иммундау шарасының жоспары бұрынғыдай 100 %-ға орындалмайды. Егу шараларынан бас тартқан ата-аналар нақты себебін айтпайды, шақыртуларға келмейді, аурудың алдын алмайды. Ал дәрігерлер мұндайда түрлі кездесулер өткізіп, үй-үйді аралайтын болған. Екпенің пайдасын айтып, вакцинациялауды насихаттайды.

Рас. Иммундау екпесін алған бала бірден мазасызданады. Ыстығы көтеріліп, тәбеті қашады. Бұл белгілі бір вакцинаның әсері. Кейде бала ағзасының физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты кері әсер беріп, екпені ауыр алып шығады. Мұндай жағдайда бала денсаулығына дәрігер жауапты. Асқынулар мен теріс әсерді зерделеп, бала денсаулығы қалпына келгенге дейін үнемі бақылауда ұстауы тиіс. Есесіне, бала ағзасында аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы тұратын иммунитет пайда болады. Жұқпалы дертпен мүлдем ауырмайды деп айта алмайсыз. Ауырады. Бірақ дерт жеңіл түрде өтеді. Айта кету керек, кешегі күнге дейін, қызамық, сал, гепатиттің ауыр түрлеріне қарсы ем болмады. Қазір табылды, шүкір. Екпенің арқасында ол аурулар жойылды, – дейді мамандар. Жаңа туылған балаға, ең алдымен өкпе құрты мен сары ауруға қарсы екпе салынады. Одан кейін 2 айлығынан әрі қарай кестеге сай егіледі. Бұл мақсатқа бюджеттен қыруар қаржы жұмсалады. Бәрі де аурудың алдын алуға арналған шаралар. Дегенмен таяқтың екі ұшы болады. Яғни вакцинациялаудың зиянды тұсы бар.

Бұл мәселе тек Қазақстанда ғана емес, күллі әлемде әлі толық шешімін тапқан жоқ. Кей ғалымдар вакцина жасаудан мүлде бас тарту керек десе, біреулері керісінше, оның жас сәбиге еш зияны жоғын айтады. Мәселен, Израильде баланың 5 жасынан бастап екпе жүргізіледі. Одан ертеректе салу сәби иммунитетін әлсіретеді, – деп есептейді. Ал Жапонияда екпе жұмыстары тек 2 жасқа дейін-ақ жүргізіледі. Бұл жаста бала ағзасының иммундық жүйесі толығымен қалыптасып, жұқпаларға қарсы тұру мүмкіндігіне ие болады.

Жеңіс ҮРКІНБАЕВА, Шымкент қалалық №1 балалар емханасының дәрігер-иммунологы

– Екпеге қарсы пікірді таратып жүргендер – медицинадан еш хабары жоқ немесе егу жұмыстарынан хабары өте таяз жандар. Қауіпті дерттің алдын алудың бірден-бір жолы – вакцина. Мәселен, 1988 жылы полиомиелитке шалдыққан 125 ел тіркелген. Вакцинаның арқасында оларды толығымен жойдық деуге болады. Түрлі инфекция адам өлімінің көбеюі мен мүгедектіктің таралуына алып келеді. Вакциналауды аз уақытқа ғана тоқтатқан елдерде түрлі инфекциялардың қауіпті ошақтары пайда болған. Осы орайда біздің елімізде де тұрақты түрде вакциналау жұмыстары жүргізіліп келеді. Осындай жүргізілген жұмыстардың арқасында вирусты гепатит, тыныс жолдарының ауруы күрт азайған. Мұның барлығы дер кезінде жүргізіліп отырған егу жұмыстарының арқасы деп білемін.

Бұл оң көрсеткіштерге қарамай, вакцинациялаудың зиянды тұстарын тізіп, «анти» көзқарас танытып жүрген жамағат көп. Мысалы, АҚШ мемлекеті. Мұнда екпе жұмыстарына қарсы ата-ананың қарасы рекордттық көрсеткішке ие. Бұған себеп, 2010 жылы өңірдегі мектеп жасындағы балалардың жаппай қызылшамен ауырғандығы. Тізімдегі балалардың барлығы да аталған ауруға қарсы вакцина салдырған. Бірақ 99 %-ы қызылшамен ауырып, карантин жарияланды. Сонда екпенің әсері қайда? Осы жағдайдан кейін, Ресей, Германия және Франция елдерінде екпеге қарсы қауымдастықтар пайда болып, бейнетаспалар мен мақалалар жариялана бастады.

Екпеге қарсы тұрушылардың пікірінше, баланың дамып-жетілуі, сабақ үлгерімі және шектен шыққан агрессиялық мінезі шақалақ күнінде алған екпелерінің әсері-мыс. Екпеге жауапты дәрігердің қай-қайсысынан дәрінің құрамы туралы ақпарат сұрасаңыз, ол ақпараттың жасырын екендігін айтады. Ресми емес деректер бойынша вакциналар құрамында сынап тұзы, алюминий гидрооксийді, формальдегид, фенол, жануарлар мен түсікпен түскен балалардың эмбриондары, сондай-ақ табиғатта кездеспейтін, зертханаларда алынған вирустар бар.

Кейде ата-әжелеріміздің денсаулығына қайран қалып, күш-қуаттарына таңырқап жатамыз. Жетпіске келгенше «ауырдым» дегенді айтпайтын алдыңғы буын бүгінгі аурушаң ұрпаққа таң қалады. Ойланып қарасақ, ата-әжелеріміз жас күнінде жарытып екпе алмаған. Бірақ соған қарамастан саулықтары сыр бермейді. Расында да, вакцинациялаудың ашылмаған сыры көп. Бұл медициналық құпия ретінде қатаң сақталатын қағида. Сіз не дейсіз оқырман?

Ақмарал Мырзахметова