Елдос оңалып келеді

256
Елдостың сүйікті ойыншығы-машина

Өткен жылы жазатайым жол апатына ұшырап, алты ай ес-түссіз жатқан Елдос Рақымжанның жағдайы біздің жіті назарымызда. Өліммен бетпе-бет қауышқан бала өмірмен қайта қауышып, ата-анасын қуанышқа бөлеген. Арада бір жыл өтті. Арна тілшілері Елдостың халін білуге арнайы барды.

Елдос Рақымжан, 4 жаста

Төрт жасар Елдос Рақымжан тілші достарын ұмытпапты. Бірден таныды. Алайда әпкелерінен ұялып, білгенінен жаңылды. Бұл еркелігі болса керек.

Бүгінгі күні облыстық оңалту орталығында тәрбиеленіп жатқан балақайдың жағдайы жақсы деуге болмас. Жастайынан тағдыр тәлкегіне ұшыраған Елдоспен дифектолог, логопед, психолог мамандар жұмыс жасайды. Өз еркімен жүріп-тұрмақ түгілі, қолына қасық та ұстай алмайды. Ортасына бейімделіп, балалармен ойнап, тәрбиешілерінің айтқанын ғана қайталайды.

Фарида Қалиева, облыстық оңалту орталығының директоры:»Баламен жеке жұмыс жасап жатырмыз. Жағдайы жақсы деп айта айта алмаймыз.Бірақ, ортаға бейімделіп келеді. Біздің орталыққа қыркүйек айында келді. Содан бері тұрақты массажында алуда. Аяғын баса алмайды, сондықтан тәрбиешілері жетектеп жүреді. Талпынысы жаман емес, ендігі келгендеріңізде сөйлетіп қоямыз. Үйге берген тапсырмаларды орындап келеді».

Естеріңізге сала кетейік, Елдосты осыдан бір жыл бұрын көлік қағып кеткен болатын. Ауыр соққыдан бала есін жия алмаған

Сол қолы өспей қалған

күйі клиникалық өлім құшқан. Содан Елдостың бас сүйегіне дереу трепанациялық ота жасалады. Бірақ ауыр операцияны көтере алмаған бала ес түссіз күйге түсті. Одан бергі алты ай бойы жансақтау бөлімінің дәрігерлері баланың өмірі үшін күндіз түні күрескен. Жарық дүниемен қайта қауышқан балақайды араға екі ай салып, тағы да көлік қағып кеткен еді.

Бибігүл Мамбеталиева,Елдостың анасы:»Осыдан бір жыл бұрын сап-сау жүрген баламды көлік қағып кетті. Содан бері не көрмедік. Баламның амандығын тілеп келемін. Ал кінәлілер кешірім сұрамақ түгілі, жағдайы қалай деп келген емес. Сүйрелеп Астанаға апардым, енді Қытайға апарып операция жасату керек. Оған қомақты қаражат керек. Мен де, әкесі де жұмыс істемейміз.Ондай қаражат қайдан болсын? Сол аяқ-қолы өспей қалды, қимылдамайды да. Оңалту орталығына барғалы күлетін болды. Үйде отырса жылай береді».

Оқыста опық жеп, денсаулығынан айрылған балақай енді екі айдан кейін беске толады. Ойын баласының өзгелердің сүйеуімен өмір сүруі жанды ауыртады. Жауапсыз жүргізушілердің кесірінен қызықты балдаурен шағымен қош айтысып, мүгедек атанды. Ендігі үміт оңалту орталығында.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ksxJzzGRJcw[/youtube]