Жәрмеңкеден жәрдем болмай тұр

Шығынға батқан сатушылар мұндай саудаға амалсыз көніп жүргенін айтады
Шығынға батқан сатушылар мұндай саудаға амалсыз көніп жүргенін айтады

Облыстың 80 жылдығына арналған ауылшаруашылық жәрмеңкесіне таңсәріден қала жұртшылығы мол жиналды. Сауда жасауға келген әрбір сатыпалушының ойы – тауарды арзан саудалау емес пе? Алайда, бұл үміт ақталмады. Тіпті, ашуға булыққан Лариса Дмитриевна үйге қайтуға жиналған. Қайтпай қайтсін, сатып аламын деп келген ет пен алқорысы базардағы бағадай аспандап тұр. «Мені мұндағы бағалар шошындырды. Әсілі, жәрмеңке деген бұлай болушы ма еді? Базардағы бағамен бірдей ғой бар тауардың бағасы» – дейді ашуға булығып.

Жәрмеңкеде сатылған еттің бағасы ғана көңілге қонымды десті жұрт. Бұл күні мұнда сиыр еті 950 теңгеден сатылса, жылқы етінің келісі 1200-ді, ал қой еті 850-ден саудаланды. Ал жеміс-жидектің құны базар нарқынан соншалықты арзан болған жоқ деді халайық. Ал төмен бағада босатылған азық-түліктің ішіне келісі 60 теңгеден сатылған картоп пен пияз, 75-тен саудаланған сәбіз, қызанақтар кірді. Ал алмұрт пен алма нарықтағы бағадай 250 теңгеден сатылды. Жәрмеңкедегі айран 180, ал шұжық келісі 750 теңгені құрады.Ұн келісі 180 теңге болып белгіленсе, тұз – 30, күріш 150-170 теңгеге түсті. Ал қант 150 теңгеге тең болды. Ірімшік 400, сүзбе 1100, жұмыртқа данасы 17, бал бағасы 1000 теңгеден сатылды.

15 теңгеден сатылған қара бидай нанының бағасымен қалалықтар келіспейді. Өйткені, жай күндері де оны кез келген жерден осы бағада сатып алуға болады дейді. Мұндай наразылықты сатыпалушылар ғана емес, жеткізіп берушілер де байқатты. Өйткені, жәрмеңкеге келіп, керісінше шығынға ұшырап жатыр екен. Саудагердің пайдаға кенелмейтінін ауылшаруашылық басқармасы біледі. Ал базар нарқынан 15-30 пайыз төмен бағада сататын жәрмеңке ұйымдастыру жоғарыдан келген бұйрық. Басқарманың басқа күндері сатушыларға төмен бағада сат деп айтатын құқы жоқ. Сондықтан біздегі шаруалардың осындай жағдайға күн кешіп жатқан жайы бар.

Қанатбек ОСПАНБЕКОВ, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы: «Еліміздің Кедендік Одаққа кіргелі бері біздегі шаруалардың жағдайы жаман болуда. Өйткені, өнімдердің өзге аймақтардағы бағасы біздегіден қарағанда қымбат. Біздің шығарған өнімдер Ресей мен басқа өңірлерге де шығарылуы мүмкін. Соған сай қажырлы жұмыс істеп, басекелестікке шыға алуымыз қажет. Бұл ретте, ең бірінші кезекте жергілікті халықты төмен бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз етуге тиіспіз».

Жәрмеңкеге бұл күні 200 тоннадан астам тауар әкелінді. Жергілікті өнімдердің жалпы құны 28 млн. теңгені құрады.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=nXv5fUpR9Ws[/youtube]